Ауыл әкімі қолбала болмасын!

Dalanews 20 сәу. 2016 05:08 881

 

Әйел затының маңдайына - отанасы деген бейнеті мен берекесі мол ырыздықты жазып қойған сыңайлы, әу бастан. Бірақ, тек от басы, ошақ қасылық ол жандардың барлығына енші еместей. Солардың бірі - Гүлшат Маратқызы Ожарова. Гүлшат ханым Алматы облысы, Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылдық округінің әкімі қызметінде соңғы біраз жыл жемісті еңбек етіп келеді. «Әкім болсаң, халқыңа жақын бол» деген қағида жайында ол кісімен әңгіме өрбіттік.

– Гүлшат Маратқызы, жалпы ауыл әкімі болу, соның ішінде әйел адамның осы жүкті көтеріп жүруіне ел-жұрттың көзқарасы қандай?

– Жасыратыны жоқ, біраз адам бетіме де айтты. «Байтал шауып, бәйге алмас» деген сияқты кекесінді ойын жасырмады. Егер білегін сыбанып «сен тұр, мен атамын» деген азаматтар сайлауға шығып жатса, қыз бала екенімді танытып, жол берер едім. Ауыл жұртының көпшілігі мені қолдады. Мүмкін менің шыққан отбасымның салмағы да болған шығар. Олай дейтінім көргені бар, өнегелі шаңырақтан тәрбие алдым. Әкем Марат Ожаров ұзақ жыл кеңшардың бас бухгалтері болды. Кейін Одақ ыдыраған соң, іргелі шаруа қожалығын құрып, ондаған адамға жұмыс тауып берді. Қазір де бауырларым сол әкеміздің ісін жалғастырып ұқсатымды еңбек етіп жатыр.

– Ауыл әкімі болсын, басқа да билік кісісі болсын ел арасында онша сүйкімге ие болмайтыны неліктен деп ойлайсыз?  

– Көреалмауышылқ деген бір қасірет бар... Не қылсаң да ар жағынан бір сұмдықты тосып отырады. Себебі, әркім өзінің қара басы үшін ғана қам жасауы керек деген жаман пиғыл өріс алған. «Кімді жарылқайын деп жүр дейсің!» дегендей жеккөрінішті талай байқадым. Мүмкін ондай ойды туғызуға кезінде дәйекті себептер де болған шығар. Бірақ барлығын бір үлгімен пішуге болмас. Ауыл жұртының қалың бөлігі қазіргі заман талабына сай ой-құлықтарын өзгертіп келеді. Масылдық психологиядан арыла бастады. Кейінгі кезде құрылған Қоғамдық Кеңестің де жағымды әсері байқалады. Тұрғындардың белсенділігі көтеріліп, әлеуметтік мәселелерді шешуге ат салысуда. Тоқырау жылдарынан соң өзімен-өзі болып, «жүгенсіз» кеткен жұрттың сана-сезімі қатты өзгеріске ұшырағаны рас. Оған кінәлі әрине билік саласы да болуы мүмкін. «Бақпасаң мал кетеді, қарамасаң қатын кетеді» деген ғой халқымыз. Ата-салт боп, одан өмір ғұрпы болып қалыптасқан талай қасиеттерімізден айырылып қала жаздадық. Әлі де жер сипап қалмайтындар харакеттер жасау біздің яғни биліктің мойнындағы іс.

– Өзін-өзі басқару жүйесі ендіріліп жатқан көрінеді. Осы орайдағы пайымыңызды айта отырсаңыз.

– Бүгінгі таңда ауыл әкімінің мойнына 67 функция артылған. Оны орындау үшін бес штаттық бірлік бөлінген. Ішке сыймайтын нәрселер де бар. Мысалы «Төтенше жағдай» бойынша атқарылатын шұғыл шаралар жергілікті жерге жүктелген. Біздің қолымызда арнайы техника мен киім-кешек, құрал-саймандар сақадай-сай болып тұрса әңгіме көтеріп қажеті қанша. Ерікті топ құрудың өзі бір машақат. Шаруа қожалықтарының жұмысшылары науқан кезінде узақты күн егістік басында. Ауылда бала-шаға мен үлкендер ғана қалады. Жаман айтпай, жақсы жоқ, аяқ-асты өрт шығып жатса, өзіміз оның алдын алуымыз керек. Бұл түсінікті. Лаулаған отты шелекпен су шашып, немесе етекпен желпіп сөндіре алмасымыз аян ғой.   Осы орайда, кеңес кезінде «Тұтынушылар кооперативі» жеке өңір ретінде қызмет көрсеткен Сарқан ауданының тең жартысын құрайтын жеті-сегіз елді мекенге бір «Төтенше жағдай» пунктін ашса талай жеңілдік болар ма еді...

– «Алдыңызға ас қойды, екі қолды бос қойды» демекші, біраз салық түріне ие болыпсыздар. Ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге қаншалықты қауқарлысыздар?

– Жер, мүлік, көлік сияқты салық түрлері ғой... Одан түскен тиын-тебенге соншалықты үміт артуғаболмайды.Басқадай да қаржы көздерін іздестіру көзделген. Айыппұл салу, ғимараттарды жалға беру, жарнама т.т. Күре жолдан шалғай біздің ауылдың жағдайында: азын-аулақ айыппұл болмаса, ғимаратты жалға беріп  немесе жарқылдатып жарнама жасағаннан жарылқанар түріміз жоқ сияқты. Әзірше сүйенгелі отырғанымыз демеушілік. «Туған жерге туыңды тік» деп үндеу тастау да ойымызда бар. Өзін-өзі басқару жүйесі тағы бір «реформаға» душар болмай, осы бетімен дами берсе – келешекте өз қолы өз аузына жететін ел боларымызға сенімдімін. Менің ойымша: ауыл әкімдері жоғарының үкімін ғана орындайтын қолбала емес, шынайы билік иесіне айналуы тиіс.

Әңгімелескен Заман Төлеуов,


 Алматы облысы, Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар