Елордада қоғамдық көлікте жолақысын төлемеу бойынша 233 мыңға жуық дерек тіркелген. Жолаушылардың бір бөлігіне айыппұл салынған. 2025 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында Астанада қоғамдық көлікте жолақысын төлемеген жолаушылар 147 млн теңгеден аса айыппұл арқалаған. Бұл туралы BES.media жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
18 703 жолаушыға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Әкімдік өкілдері қала маңындағы бағыттарға, соның ішінде Қосшы бағытына тұрақты мониторинг жүргізілетінін айтты. Көліктік бақылау департаменті, бақылау қызметінің мамандары QR түбіртектер болуын және көлік карталарын тексереді.
2025 жылғы 1-3 қараша аралығында Ақмола облысы Полиция департаментімен бірлесіп жүргізілген рейд барысында 279 жолаушыға 2 194 056 теңге айыппұл салынған.
- Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 622-бабы 2-бөлігіне сәйкес жолақысын төлеуден жалтару 2 АЕК (8650 теңге) көлемінде айыппұлға әкеп соғады.
- Қалалық және қала маңындағы автобустарды пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 1 АЕК (4325 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
