2026 жылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі Қазақстандағы шағын бизнестің едәуір бөлігіне тікелей емес, бірақ жүйелі түрде әсер етіп отыр,деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әсіресе арнайы салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін нарықтағы шарттар күрделене түсті.
Qazaq Expert Club сарапшысы, салық консультанты Раушан Тасшоинованың айтуынша, жаңа ережелер арнайы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлердің күнделікті іскерлік тәжірибесінде айқын сезіле бастады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, жеке кәсіпкерлер шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 70%-ын құрайды. Осыған байланысты 2026 жылдың басы бизнес үшін бейімделу кезеңіне айналған.
Сарапшының пікірінше, өзгерістер ең алдымен компаниялар арасындағы өзара есеп айырысуға әсер етіп отыр. Жалпыға бірдей белгіленген режимдегі кәсіпорындар үшін арнайы салық режиміндегі контрагенттермен жұмыс істеу бұрынғыдай тиімді емес. Мұндай мәмілелерде қосылған құн салығы есепке жатқызылмайды, ал корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдер шектелген.
Раушан Тасшоинова мұндай жағдайларда экономикалық айырмашылық қосылған құн салығының мөлшерлемесіне жуықтайтынын айтады. Сауда саласында орташа маржа көбіне 10–15% аралығында екенін ескерсек, қосымша салықтық жүктеме пайданың едәуір бөлігін азайтуы мүмкін. Соның салдарынан компаниялар жеткізу тізбектерін қайта қарап, контрагенттер құрылымын өзгертуге мәжбүр.
Тәжірибеде жиі кездесетін мысалдардың бірі – көлік қызметтері. Арнайы салық режиміндегі тасымалдаушы жалпыға бірдей режимдегі компанияға қызмет көрсеткен жағдайда, тапсырыс беруші үшін мұндай келісім тиімсіз болады. Себебі төленген қосылған құн салығы есепке алынбайды, ал корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімдерге шектеу қойылады. Нәтижесінде тапсырыс беруші бағаны төмендетуді талап етеді немесе жалпы режимдегі тасымалдаушыны іздейді. Ал шағын тасымалдаушы маржасының қысқаруына немесе корпоративтік клиентінен айырылу қаупіне тап болады.
Осындай қысымның нәтижесінде бизнес шарттарды қайта қарауға, жұмыс форматын өзгертуге және қосымша шығындарды қызмет пен тауар бағасына ішінара енгізуге мәжбүр болып отыр. Сарапшының бағалауынша, кейбір B2B сегменттерінде бағаның өсуі байқалады. Бұл үдеріс салықтық өзгерістер мен жалпы инфляциялық қысымның қатар әсер етуімен байланысты.
Өзгерістер әсіресе сауда, логистика, құрылыс және сервистік мердігерлік салаларда айқын сезіледі. Бұл сегменттерде жеткізу тізбектері ұзын, ал өзара есеп айырысуда қосылған құн салығының үлесі жоғары. Шағын және орта бизнес елдің жалпы ішкі өнімінің үштен бірінен астамын қалыптастыратынын ескерсек, салық логикасындағы бұл өзгерістер жекелеген кәсіпорындармен шектелмей, баға қалыптастыруға, жұмыспен қамтуға және жалпы іскерлік белсенділікке ықпал етіп отыр.
Раушан Тасшоинованың айтуынша, жаңа жағдайда жалпыға бірдей режимдегі компаниялар ұтады, ал арнайы режимдегі бизнес корпоративтік тапсырыстардың бір бөлігін жоғалту қаупіне тап болуда. Қосылған құн салығы бойынша есепке тұру белсенділігінің артқаны, сондай-ақ кәсіпорындардың бір бөлігінің жалпы режимге көше бастағаны байқалады.
Осылайша, салық режимі енді тек есеп жүргізудің техникалық тетігі емес, нарыққа қолжетімділікті айқындайтын факторға айналды. Шағын бизнес үшін мәселе салық жүктемесінің көлемінде ғана емес, кіммен жұмыс істей алатынында және қандай келісімшарттарды сақтап қала алатынында болып отыр.
