Алматы облысының фронт-офисіне жүздеген миллион теңге бөлінді: тендерді кім жеңген?

Қаракөз Амантай 10 ақп. 2026 14:01

Алматы облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы жариялаған инвестициялық қызметке қатысты консалтингтік қызметтер тендерін "Алматы облысының өңірлік даму орталығы" ЖШС жеңіп алды. Оның құны 689,6 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ашық деректерге сәйкес, байқауға бір ғана өтінім түскен. Сондай-ақ компанияның 1,86 млн теңге көлемінде өтелмеген айыппұлы және 14,06 млн теңге салық пен кеден төлемдері бойынша берешегі бар. Соған қарамастан, кейінгі бес жылда бұл ұйым аталған басқармадан жалпы сомасы 3,45 млрд теңгеден астам мемлекеттік тапсырыс алған.

Ынтымақтастық 2017 жылы басталған. Сол жылы инвесторлар кеңесінің отырысын өткізуге бюджеттен 803 мың теңге бөлінген. 2019 жылы мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге арналған бизнес-тренингтерге 20 млн және 25 млн теңге жұмсалып, сол жылы "Алматы облысын жедел экономикалық дамытуға арналған скринингке" 425,5 млн теңге бағытталған.

2020 жылдан бастап "фронт-офис қызметін ұйымдастыру" бағытына қаржы тұрақты түрде бөлініп келеді. Алғашқы жылы бұл мақсатқа 150 млн теңге қарастырылса, кейінгі жылдары шығын көлемі айтарлықтай өскен: 2021 жылы – 378,6 млн, 2022 жылы – 553,6 млн, 2023 жылы – 465,8 млн, 2024 жылы – 671,3 млн, ал 2025 жылы 763,5 млн теңгеге жеткен.

Аdata.kz дерегінше, компанияда 41 қызметкер жұмыс істейді, олардың орташа айлық жалақысы 2 074 585 теңгені құрайды. Ал 2025 жылдың үшінші тоқсанында Алматы облысындағы орташа номиналды жалақы 343 625 теңге болған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove