Ақтөбеде дәрігерді қатыгездікпен өлтірген медицина қызметкері 20 жылға сотталды

Көркем Алдабергенова 22 қаз. 2025 13:16

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты дәрігерді ерекше қатыгездікпен өлтірген іс бойынша үкім шығарды. Ш. есімді медицина қызметкері кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Соттың хабарлауынша, айыпталушы Ш. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 8-тармағы (пайдакүнемдік ниетпен адам өлтіру) және 188-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы (ірі көлемде ұрлық жасау) бойынша кінәлі деп танылған.

«Қылмыстар жиынтығы бойынша Ш.-ға 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деп хабарлады сот.

Іс қазылар алқасының қатысуымен қаралды.

Қылмыстың мән-жайы

Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушы Ш. диализ орталығында медицина қызметкері болып жұмыс істеген және 1956 жылы туған дәрігер А.-ға телефон мен банк қосымшаларын орнатуға көмектесіп жүрген. Ол дәрігердің есепшоттарында ірі сомада ақша бар екенін білген.

Көзін емдету үшін Астанаға кеткен кезде дәрігер пәтерінің кілтін сеніп Ш.-ға қалдырған. Осы сәтті пайдаланған Ш. дәрігердің жалғыз тұратынын біліп, оны өлтіріп, ақшасын иемдену жоспарын құрған.

«Айыпталушы дәрігерді пәтерінде күтіп, оған асүй балтасымен өмірге қауіпті соққылар жасаған. Кейін денесін тоңазытқышқа жасырып қойған», – делінген сот мәліметінде.

Қылмыс жасағаннан кейін Ш. алдын ала сатып алған силикон бетпердені киіп, марқұм дәрігердің есепшоттарынан 5 268 000 теңге шешіп алған. Сондай-ақ оның ұялы телефондары, планшеті мен ноутбугын ұрлап, барлығы 1 966 860 теңге материалдық залал келтірген.

Осылайша, сот айыпталушының кінәсі толық дәлелденді деп танып, оны ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар