Ақпараттық қауіпсіздік – ұлт мүддесі

Dalanews 19 қар. 2022 09:24 746

Елімізде 2022 жылдың 20 қарашасында Қазақстан президенті сайланады. Осы тұрғыда сайлауға қатысты мақалалар, бейнежазбалар,  халықтың жазып жатқан пікірлері сан алуан. Демократиялық мемлекетте бұл заңды құбылыс. Көпшілік өз пікірін ашық білдіруге құқылы. Сондықтан да ақпараттар легін ауыздықтау мүмкін емес болып отыр. Іріктеуден өтіп, президенттікке ұсынылған кандидаттар өз мәресіне жетуге таяу. Президент кім болады? - деген көптің көкейінде жүрген сұрақ бұлты сейілді. Халық үміткерлердің сайлау алды  бағдарламалары мен танысып, өздеріне іштей жауаптарын алды. Осы орайда Президенттікке үміткер Қасым Жомарт Тоқаевтің тұғырнамасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде кеңінен талданып, оқытушылар мен студенттер келелі ойларын ортаға салды. Қалашық Жаңа Қазақстан моделін құрастырушы ретінде, Қасым Жомарт Тоқаевқа үлкен сенім артып,  сәт сапар тіледі!

Біз елдің ертеңіне алаңдасақ, бүгін сауатты болуымыз керек. Тарихи оқиғалар өтпелі болуы мүмкін, ал мемлекет мәңгілік. Сондықтан өткінші сәттер қарсаңында түрлі қаңқу, лақап, алыпқашпа, фейк сөздерден, дезинформациядан аулақ болу қажет. Демек ақпараттық сауаттылық, ел тыныштығының бірден бір кепілі. «Үй өзімдікі демеңіз, үй сыртында кісі бар», – демекші қайыс ноқта мен темір ноқта тегеурініне, саясаттың салқыны ұласпауы қажет. МАС медиадағы қисапсыз ақпараттар ағынында шек жоқ. Көзі қарақты оқырман ақпен қара алмасқан өліара уақытта етек-жеңін жиғаны жөн. Абайша айтқанда: «Шын сөз қайсы біле алмай, әр нәрседен құр қалма», – демекпіз.  Жалған мен ақиқатты ажырата білмейінше алауыздық тоқтамайтыны анық. Оның бір ғана дәлелі, елімізде болған қаңтар оқиғасы. Ел ішіне лаң сала келген бүлік, еліміздің экономикасына елеулі зардабын тигізді. Жастардың дұрыс жолдан таюы себеп болды. Бұл оқиғаның артында жалған ақпараттар болғаны анық. Нәтижесінде алауыздық, кісі өлімі, бейбіт адамдардың жапа шегуі, материалдық шығын орын алды. COVID-19 пандемиясы тұсында да, жан-жақтан ағылған ақпараттарды ауыздықтау мүмкін болмады. Үрей, тағы да қисынсыз ақпараттардың қарша борауы осының бір дәлелі. Нәтижесінде адамдар өз өтіріктеріне өздері сенетін дәрежеге жетті. Сондай-ақ, бүгінде заңды белден басып, арзан атақ пен бедел жинау дәстүрге айналды. Әлеуметтік желілер мен ақпарат сайттарында адамдардың ар-намысына тиіп, жеке өмірлеріне қол сұғу жаппай белең алды.

Конституцияның 17-бабы бойынша: «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды». 18-баптың 1-тармағы «Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің отбасының құпиясы болуына ар намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар», – деп кепілдік береді. БАҚ заңының 20-бабында «шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпау, журналист ақпараттың дұрыстығын тексеруге құқылы» екендігін ескеруді ұмытқан тәріздіміз. Барлық ақпарат құралдарына күйе жағып, күстаналаудан аулақпыз, дей тұрғанмен бүгінде әлеуметтік желілер, дерлік ақпарат көзіне айналғаны да жасырын емес. Сондықтан мемлекетіміздің тұғырлы болуына үлес қосқанымыз абзал.

Бұл тұрғыда әр адамның миында ақпараттық сүзгі болуы қажет. Ол ішкі сыртқы ақпараттар легін қорытып, саралай білуге мүдделі болуы. Себебі бүгіндегі ақпарат алаңындағы қақтығыстар жойқын қаруға айналды. Оның тағы бір көрінісі, мақалалар мен келтірілген мәліметтердегі жалған ақпарат таратудан өзге емеурін, тұспалдау, итермелеу, ойға жетелеу, сыңай танытатын құйтырқылықтардың қоса жүруінің алдын алу қажеттілігі. Бұл тұрғыда «Сақтансаң – сақтаймын!», деген мәтелді де ұмытпағанымыз ләзім.  Бізге іруден гөрі ұюды ойлайтын сәт келді. Ендеше елдігіміздің іргетасы сөгілмесін ағайын!

 

Ризагүл Бакенова, Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының аға оқытушысы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар