Ақмола облысындағы жетім балалардың құқықтарын қорғау: талдау, мәселелер және әрекет ету шаралары

Арна Бақыт 29 қыр. 2025 15:30

– Гүлнара Хамитовна, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балалардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыз?

Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар – халықтың ең әлсіз топтарының бірі. Олар үшін мемлекет кепілдігі аса маңызды: тұрғын үй алу құқығы, әлеуметтік қолдау, білімге қолжетімділік және, әрине, отбасында тәрбиелену мүмкіндігі. Ақмола облысында, еліміздің басқа өңірлеріндегідей, заңнамалық база бар, қолдау тетіктері көзделген және осы құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз ететін уәкілетті мемлекеттік органдар жұмыс істейді.

Сонымен қатар, өкінішке қарай, іс жүзінде заң бұзушылықтар әлі де кездеседі. Ақмола облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдігі аталған санаттағы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына талдау жүргізді.

2025 жылғы деректер бойынша өңірде ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім 1 177 бала тіркелген. Олардың ішінде:

• 1 004 бала – отбасыларда (қамқоршылық, қорғаншылық, қабылдаушы отбасыларда),

• 173 бала – балалар үйі мекемелерінде тәрбиеленуде.

– Жетім балалардың коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу құқықтары қалай сақталып жатыр?

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 67, 68, 73 және 74-баптарына сәйкес, жетім балалар коммуналдық тұрғын үй қорынан 29 жасқа дейін баспана алуға бірінші кезекте құқылы. Олар тұрғын үй берілгенге дейін кезектен алынбауы тиіс.

Заңнамаға сәйкес, берілетін жалпы тұрғын үй көлемінің кемінде 20%-ы дәл осы санаттағы балаларға бөлінуі тиіс. Алайда, шынайы жағдай әрқалай:

• 2020 ж.: 212 пәтер берілді, оның ішінде жетім балаларға — 37 (17,4%);

• 2021 ж.: 305 пәтер, балаларға — 56 (18,3%);

• 2023 ж.: 424 пәтер, балаларға — 90 (21,2%);

• 2024 ж.: 417 пәтер, балаларға — 105 (25,1%).

Соңғы жылдары квота артығымен орындалып келеді, бұл мәселені шешуде оң серпін береді. Дегенмен, 389 бала 5 жылдан астам, ал 99 бала 10 жылдан астам уақыт бойы тұрғын үй кезегінде тұр. 144 бала 18 жасқа толғанша тұрғын үй ала алмады. Соған қарамастан, кезекке қою тәртібі бұзылған фактілер анықталған жоқ.

– Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін алимент өндіру бойынша қандай жұмыс атқарылуда?

254 балаға қатысты ата-аналар ата-ана құқығынан шектелген немесе айырылған. Алайда, ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 77 және 80-баптарына сәйкес, ата-ана құқығынан айырылу алименттік міндеттемелерден босатпайды.

Соған қарамастан, балалардың жартысына жуығы алимент алмайды. Ақмола облысы Әділет департаментінің деректері бойынша:

• 105 бала алимент алмайды, жалпы берешек — 178,9 млн теңге;

• 413 ата-ананың тек 9-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылған;

• 43 атқару құжаты қамқоршылардың өтініші бойынша тоқтатылған.

Сонымен бірге, 123, 124 және 132-4-баптарының 4-тармағына сәйкес, қабылдаушы отбасыларға берілген балалар алиментке, әлеуметтік төлемдерге және жәрдемақыларға құқылы болып қала береді.

– Жүргізілген талдау нәтижесінде қандай шаралар қабылданды?

Біз тиісті органдарға ұсынымдар жолдадық, қазіргі таңда келесі шаралар іске асырылды:

• Алимент бойынша 13 млн теңге берешек өтелді;

• 11 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы);

• 5 іс бойынша жалақыдан ұстап қалу шаралары қабылданды;

• 34 борышкерге шетелге шығуға тыйым салынды және есепшоттарына тыйым салынды;

• 15 адам жұмысқа орналастырылды;

• 6 іс борышкерлерге іздеу жариялануына байланысты тоқтатылды;

• Білім басқармасымен бірлесе отырып, бұрын қамқоршылардың өтінішімен тоқтатылған 43 атқару ісі қайта жанданды.

Әділет департаменті жекеменшік сот орындаушыларына келесі тапсырмалар берді:

• Борышкерлердің орналасқан жерін анықтау;

• Алимент өндіру бойынша шаралар қабылдау;

• Жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету;

• Атқару өндірісінің барысы туралы ай сайын есеп беру.

– Қандай негізгі проблемалар өзекті болып отыр?

Көптеген жұмыстар атқарылғанына қарамастан, келесі мәселелер әлі де өткір:

• Тұрғын үй кезегінде ұзақ күту;

• Алименттердің төленбеуі;

• Ата-аналардың төмен жауапкершілігі.

Біз ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді, қамқоршылық органдарының жұмыс тиімділігін арттыруды және қабылдаушы отбасылар институтын дамытуды қажет деп санаймыз. Ата-анасыз қалған бала өзін мемлекет үшін елеусіз сезінбеуі тиіс. Оның құқықтарын қамтамасыз ету — баршамыздың ортақ міндетіміз.

– Қорытындылай келе, қоғам мен балалармен жұмыс істейтін мамандарға не айтар едіңіз?

Ең алдымен, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың тағдырына бейжай қарамайтын барлық азаматтарға алғысымды білдіргім келеді. Бұл балаларға заңмен қорғалу ғана емес, сонымен қатар адамдық жылу, көңіл мен түсіністік қажет.

Қоғамға – мейірімділік, төзімділік және әлеуметтік жауапкершілік тілеймін. Әрқайсымыз үлес қоса аламыз: волонтер, қабылдаушы ата-ана немесе жай ғана балаға жылы сөз айтып, қолдау білдіре алатын азамат ретінде.

Қамқоршылық, білім беру, әділет саласында жұмыс істейтін мамандарға кәсіби ынтасын жоғалтпай, әрбір есеп пен деректің артында нақты баланың тағдыры тұрғанын ұмытпауын тілеймін. Тек бірлесе әрекет ету арқылы біз балалардың құқықтарының толыққанды жүзеге асуын қамтамасыз етіп, олар үшін қауіпсіз, қамқор және әділетті орта қалыптастыра аламыз.

Бала құқықтарын қорғау – бір реттік шара емес, тұрақты және жүйелі жұмыс. Бұл бағыттағы әрбір қадам – маңызды.

– Гүлнара Хамитовна, ашық әңгімеңізге және балалардың құқықтарын қорғаудағы жұмысыңыз үшін алғыс білдіреміз. Кәсіби жетістіктеріңіз өзіңізге шабыт, қоғамға пайда әкелсін. Алдағы уақытта да ынтымақтастығымыз жалғасады деген үміттеміз. Тағы да рахмет!

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар