Тарихи жеңіс: Қызылорда Айдос Сұлтанғалиға қандай құрмет көрсетті?

Сағыныш Сардарова 25 қыр. 2025 16:04

Қазақстандық грек-рим күресінің шебері Айдос Сұлтанғали Хорватияның Загреб қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Әлеуметтік желіде спортшының бұл жеңісі туған жерінде лайықты бағасын ала алмай отырғаны жөнінде жазба тарады. Осы сыннан кейін өңір әкімдігі спортшыны қалай қарсы алғандарын жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Даудың басы

Журналист Ақырыс Сейітқазы әлеуметтік желіде мынадай жазба жариялады:

"Кеше чемпион атанған Айдос Сұлтанғали өткенде сұхбат берді маған. 2022 жылы Сербиядағы әлем чемпионатынан қоламен оралады ғой. Сөйтіп туған жеріне барады. Ол жақтағылар құр диплом мен статуэтка беріп, арқасынан қағып шығарып салыпты. Айдос балуандарға қолдаудың, демеудің аса маңызды екенін айтып, біраз налыған. Барлығы боксшылардан кем қылмай, 100 мың доллар берсін деп жатыр. Бірақ күресте мұндай ақша қайдан? Ол үшін федерацияның тізгінін бай-бақуатты, балуандардан ештеңе аямайтын біреу ұстау керек", - деді ол.

Ақырыс Сейітқазы осы тұста өңір әкімдігі де үнсіз жатқанын тілге тиек еткен.

"Айтайын дегенім, Нұрлыбек Нәлібаев 2022 жылдың сәуірінен бері сол өңірдің әкімі екен. Айдос сол жылы күзде әлем чемпионатындағы екінші қоласын алды. Енді, міне, чемпион атанып отыр. Өкініштісі сол, облыс әкімдігінің ресми инстаграм парақшасында Айдостың жеңісі туралы бір жазба жоқ (облыстық әкімдіктің ресми сайты мен ресми инстаграм парақшасында Сұлтанғали жайлы ешбір мәлімет жоқ. Кейбір шенеуніктер жеке парақшаларында қүттықтауы мүмкін екенін жоққа шығармаймын). Айтпақшы, қызылордалық Мөлдір Жаңбырбай каратэден тұңғыш әлем чемпионы болып оралғанда осы Нәлібаевтар 300 мың теңге берген екен. Мөлдір сол ақшаға Қызылордаға барып-қайтатын билеп алыпты. Осындай спортшыларға зар болып отырған аймақтар бар. Ал Қызылорда қолда барын бағалай алмай отыр", - деді ол.

Әкімдік қандай сый көрсетті?

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалимен, жеке бапкері Ғабиден Райымбекпен кездескен. Айдос Сұлтанғали жақында Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен ересектер арасындағы грек-рим күресінен әлем чемпионатында қазақ спорты тарихындағы теңдесіз жетістікке қол жеткізді. 
 
Грек-рим күресінен Әлем чемпионатының алтын медалін елімізге соңғы рет 1999 жылы Грекияның Афины қаласында өткен дүбірлі додада Мхитар Манукян (63 кг) алып келген болатын. Араға ширек ғасыр салып, Айдос Сұлтанғали әлемдік аренада топ жарды.
"Былтыр еліміздің, өңіріміздің жанашыр азаматы Бақдәулет Еркінбекұлының демеушілігімен көлік табысталған. Бұдан бөлек ай сайын 1 млн. теңге мемлекеттік стипендия беріледі. Бұл қолдау әрі қарай жалғасады. Біз батырымызды әрдайым бабында болуы үшін қолдап, қорғауымыз керек. Алдағы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінуіне жан-жақты жағдай жасаймыз. Бүгінгі мерейлі сәтте барша Сыр жұртшылығының атынан Айдос бауырымызға жаңа көлік пен пәтер кілттерін, бапкері Ғабиденге де жаңа пәтер беру туралы шешім қабылдадық", – деді өңір әкімі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар