Бұл ресейлік компанияның Орта Азиядағы ең үлкен өндіріс орны. Зауыт 225 адамды жұмыспен қамтитын болады.
Жұмысшылардың 90 пайызы қазақстандықтар.
Зауыттың салтанатты ашылу шарасына Үкімет басшысы Асқар Мамин, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Лукойл компаниясының төрағасы Вагит Алекперов және ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев қатысты.
"ТМД аумағында бұл өз саласы бойынша ең ірі инновациялық және жетекші кәсіпорын болады.
Зауыт толық өндірістік қуатына көшкенде Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменста, Моңғолия, Ауғанстан нарығын майлау материалдарымен қамтамасыз ететін болады. Әзір күні зауыттың құрылыс жұмыстары толық аяқталып, іске кірісуге әзір. Зауыттың құрылысы 2016 жылы басталған. Жобаға салынған инвестиция көлемі 94 млн долларды құрады", – деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының айтуынша өндіріс орны ел бюджетіне жылына 10 млн доллар салық төлейтін болады.
Өз кезегінде Лукойл компаниясының төрағасы Вагит Алекперов зауыттың 800-ден аса майлау материалдарын өндіретінін тілге тиек етті.
"Қала мен Дала" тілшісінің "зауыттың орналасу орны болып неліктен Алматы облысы таңлалып алынды?" деген сауалына Лукойл басшысы:
"Өндіріс орнының географиялық орналасуы "Лукойлдың" логистикасына ыңғайлы. "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" дәлізі дәл жанымызда тұр. Осы арадан күллі Қазақстан ғана емес, сонымен бірге Орта Азия елдерін майлау материалдарымен қамтамасыз етеміз. Бүгінгі заманғы кез келген техника мен құрылғыға арналған май түрлерінің өндірісі жолға қойылады. Процестерді автоматтандырудың арқасында 24 сағаттың ішінде кез келген тапсырысты қанағаттандыра аламыз", – деп жауап берді.
Ал Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл жоба өңірдің ғана емес, тұтас мемлекеттік экономикалық-әлеуметтік ахуалына оң ықпал етеді деп мәлімдеді.
"Дәл қазір компанияда қызмет ететін жұмысшылардың 90 пайызы қазақстандықтар. Болашақта компания басшылығы отандық қызметкерлердің үлесін 95 пайызға дейін арттыратын болады. Барлық еңбек шарттары сақталған, жұмысшылардың айлық мәселесі шешілген, қазақстандық қызметкерлердің басым бөлігі жоғары санаттар мамандар", – деді "Қала мен Дала" тілшісіне пікір білдірген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Оның айтып өткеніндей компания тарапынан экологиялық қауіпсіздік мәселелері де қарастырылған.
"Компания өз территориясының 60 пайызын көгалдандырды. Зауыттың құрыл барысында ауданның жоғары сеймикалық қаупі де ескерілді. Экологиялық тәуекелдер туындайды деген қауіп жоқ", – деді Бозымбаев.
Айта кетейік, Қазақстан мен «ЛУКОЙЛ» компаниясын 23 жылдан бергі серіктестік байланыстырады. Ресейлік компания осы уақыт аралығында ел экономикасына 7,5 млрд доллар инвестиция құйды.
Думан БЫҚАЙ