Алматыда 16 қаңтар күні таңғы сағат 07:00-де жауа бастаған қар 18 қаңтар күні сағат 04:00-ге дейін толастамай, осы аралықта шаһар аумағына 18 сантиметр қар түсті. 23 қаңтар күні түнгі сағат 01:30-дан бастап қалада қар қайта жауа бастады. Ол 23:00-ге дейін жалғасады деп болжанып отыр. Кешкі сағат 20:00-дегі мәліметке сәйкес Алматыда 8 сантиметр қар түскен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаланың қалыпты тіршілік ырғағын сақтап, көлік қозғалысының қауіпсіз әрі үздіксіз жүруін қамтамасыз ету, сондай-ақ, қолайсыз ауа райының салдарын барынша азайту мақсатында коммуналдық қызмет көшелерді қардае арылту жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізіп жатыр.
16 қаңтардан бері жол бойына, қиылыстарға, еңіс пен өрге, жолайырықтарына тайғаққа қарсы арнайы қоспа себу жұмыстары жалғасып келеді.

Осы уақыт аралығында қаланың магистральдық көшелерінен, қалалық маңызы бар жолдар мен жолайырықтардан 105 мың текше метр қар шығарылды.
23 қаңтар күні күндіз қала көшелерін қар құрсауынан арылтуға 75 жедел бригада, 2 479 жол саласы жұмысшысы және 923 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Оның ішінде "Алматы Тазалық" МКК-нің 1 769 қызметкері мен 649 техникасы, сондай-ақ, жеке мердігер ұйымдардың 710 жұмысшысы мен 274 техникасы бар.
Жол жиегі мен оған іргелес аумақтарда қарды жинау, сыпыру, қарды бір жерге үйіп жинау жұмыстары жүргізіліп, 2 800 тонна тайғаққа қарсы материал себілді, сондай-ақ 5 220 текше метр қар қала аумағынан шығарылды.
23 қаңтардан 24 қаңтарға қараған түні де жұмыстар бір сәтке толастаған жоқ. Бұл уақытта 851 жол саласы жұмысшысы ("Алматы Тазалық" МКК – 556 адам, жеке мердігерлер – 295 адам) мен 631 бірлік арнайы техника ("Алматы Тазалық" МКК – 476 бірлік, жеке мердігерлер – 155 бірлік) қала көшелерін тазалауға тартылды.

Қала көшелерін тазалау барысы тәулік бойы қатаң бақылауда. Осы мақсатта Алматының 24 учаскесінде мердігер ұйымдардың техникасы мен жұмысшы бригадалары қар шығару жұмыстарын үздіксіз жалғастырып отыр.
Қазіргі таңда барлық мердігер ұйым күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіріліп, көше бойын тазалау жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жалғасып келеді.
