Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ақауы бар ақылы жолдарды уақытша тегін ету және мұндай жолдардың тізімін жариялау мәселесіне қатысты қойылған сұраққа нақты жауап бермеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Баспасөз брифингі барысында журналист министрліктің барлық ақылы жолға талдау жүргізіп, кемшіліктер анықталған жағдайда ол учаскелерден ақы алынбайтыны жөнінде бұрын айтылған мәлімдемесін еске салды. Сондай-ақ, ақауы бар жолдардың нақты тізімі қашан жарияланатынын сұрады.
Алайда министр бұл мәлімдемені жеке өзі айтқанын жоққа шығарып, өз тарапынан мұндай уәде берілмегенін жеткізді. Дегенмен ол журналист көтерген мәселе орынды екенін мойындады.
Еске салайық, 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап республикалық маңызы бар ақылы жолдарда төлем ережелері өзгерді. Қазір елімізде барлығы 27 ақылы жол бар. Бұған дейін ақылы жолда жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер ететін және жөндеуді талап етіп тұрған учаске болса, дәл сол аралық үшін жөндеу жұмыстары толық аяқталғанға дейін төлемақы алынбайтыны айтылды.
