Нұрайдың өліміне қатысты тағы бір бап бойынша қылмыстық іс тіркелді - дереккөз

Сағыныш Сардарова 24 қаң. 2026 13:00

Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы қыздың оқиғасы бойынша тағы бір қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы адвокат Аянхан Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. 

"Нұрайдың ісі бойынша Қылмыстық кодекстің 125-1-бабымен (некеге тұруға мәжбүрлеу) қылмыстық іс тіркелді. Елді дүрліктірген осы қылмыстық іс Президентіміздің тікелей бақылауында тұр. Қазір Ішкі істер министрлігінен арнайы комиссия келген, білікті полиция қызметкерлерінен жедел тергеу тобы құрылған. Осы қылмыстық іс бойынша толықтылық пен жан-жақтылық қамтамасыз етіліп, әділ, сапалы тергеу жүргізіледі деп сенім білдіремін", - деді ол.

Айта кетейік, 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақаттарынан көз жұмды. Қайғылы оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, Нұрай Серікбай 11 рет пышақ жарақатын алған.

Еске салайық, бұған дейін полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы тұрғынды өлтірді деген күдікті ер адамды ұстады.

Сонымен қатар, Президент Ұлттық құрылтайда шымкенттік Нұрайдың өліміне қатысты пікір білдірді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove