Қазақстанда 2026 жылдан бастап міндетті автосақтандыру тәртібі жаңарады. Бұл өзгерістер алғаш рет сақтандыру полисін рәсімдейтіндерге де, бұрыннан көлік тізгіндеп жүргендерге де қатысты. Мән-жайды Fingramota.kz жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Базалық тариф ұлғаяды
2026 жылы көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың бастапқы бағасы шамамен 8 217 теңге болады. Бұл 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге деңгейінде белгіленуіне байланысты.
Дегенмен бұл бастапқы сома ғана. Полистің түпкілікті құны арнайы түзету коэффициенттері арқылы есептеледі. Көліктің тіркелген өңірі, жүргізушінің жасы мен тәжірибесі, көлік түрі, сондай-ақ, бұрын болған жол-көлік оқиғалары ескеріледі.
Өңірлерге қарай айырмашылық болады
2026 жылдан бастап өңірлік коэффициенттер жол апатының жиілігіне қарай қайта қаралады. Апат жиі болатын аймақтарда сақтандыру құны өссе, кейбір өңірде өзгеріссіз қалуы мүмкін. Осылайша бірдей базалық тарифке қарамастан, полис бағасы өңірге байланысты әртүрлі болады.
Жаңа жүргізушілерге қолдау көрсетіледі
Жүйедегі маңызды жаңалықтардың бірі автосақтандыруды алғаш рет рәсімдейтіндерге қатысты. 2026 жылдан бастап жаңа жүргізушілер үшін тарифтер төмендетіледі. Бұл шешім жас жүргізушілерге түсетін салмақты азайтып, сақтандыруды барынша қолжетімді етуге бағытталған.
Полис рәсімдегенде нені тексеру қажет?
Мамандар сақтандыру компаниясының лицензиясы бар-жоғын анықтауға, шарттағы төлем талаптары мен лимиттерін мұқият оқуға кеңес береді.
