Қазақстандық UFC спортшысы Шавкат Рахмоновтың жұбайы жол-көлік оқиғасы бойынша күдікті деп танылды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін Гүлайым Рахмонова аталған іс бойынша қорғануға құқығы бар куәгер ретінде тіркелген болатын.
Еске салайық, Гүлайым Рахмонова мен оның ұлы 2025 жылы 27 шілдеде жол апатына түскен еді.
Полицияның мәліметінше, республикалық маңызы бар Алматы – Екатеринбург автожолының 299-шақырымында Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі Қарағанды облысы бағытынан Алматыға қарай келе жатып, рөлге ие бола алмай, көлікті аударып алған. Жол апаты салдарынан екі әйел қаза тапқан.
Бұған дейін Әділов Рахмоновтың жұбайына қатысты жол апатын тергеу аяқталуға жақын екенін хабарлаған еді.
Сенат кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берген ол, аталған қылмыстық істің Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі бойынша тергеліп жатқанын еске салды.
«Қазір тергеу әрекеттерінің басым бөлігі аяқталды, соңғы кешенді автотехникалық сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Нәтижелерге сәйкес айып тағу және істі сотқа жолдау туралы шешім қабылдаймыз», - деді ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
