Алдағы үш жылда Қазақстан экономикасын не күтіп тұр - АКРА болжамы

Кәмшат Тілеухан 06 қар. 2024 10:49 2443

"Қазақстанда 2022 жылдан бастап бой көтеріп, содан бері үдеумен келе жатқан инфляция 2025 жылы аптығын басады. Сондай-ақ келесі жылы теңге қатты құнсызданбайды". Аналитикалық кредиттік рейтинг агенттігі (АКРА) сарапшылары еліміздің 2025-2027 жылдарына арналған макроэкономикалық көрсеткіштеріне жасаған талдауында осындай қорытынды жасайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресейлік рейтинг агенттігінің болжамынша, Қазақстан бойынша 2025-2027 жылдарға арналған макроэкономикалық болжамға сәйкес, аталған кезеңде ЖІӨ-нің нақты өсімі шамамен 3,8-4,2%-ды құрайды.

"Биыл ел экономикасының өсу траекториясы өзінің әлеуетті деңгейінен сәл төмен тұрақтады (шамамен 3,8%). 2025-2027 жылдары оның өсімінің драйвері өнеркәсіп, құрылыс және қызмет көрсету салалары болады, ал 2026 жылдан кейін өндіруші салалар ынталандырудан гөрі тежеуші фактор ретінде сипатталуы мүмкін. Ел президенті белгілегендей, ЖІӨ-нің жыл сайынғы нақты өсімінің 6% -ы неғұрлым елеулі инвестицияларды және негізгі экспортталатын шикізаттар өндірісінің жоғары көлемін талап етеді. Алайда, бұл экономиканың қызып кетуіне әкеліп соқтыруы мүмкін, бұл тұтынушылық инфляцияның жаңа өсіміне қауіп төндіреді", – дейді сарапшылар.

БАҒА ЖӘНЕ ИНФЛЯЦИЯ

АКРА ағымдағы жылы ақша-несие саясаты салыстырмалы түрде қатаң жүргізіледі деп болжайды. Ал тауарлар мен қызметтер бағасының өсімі біртіндеп баяулауы мүмкін, бұл өткен жылдардағы инфляциялық күйзелістердің салдарын еңсерудің ұзақ кезеңі деп есептеген жөн, сондықтан аталған құбылыс 2025 жылы да байқалады.

"Компаниялар үшін негізгі ақша көздері тікелей шетелдік инвестициялар мен өзіндік меншікті капитал болып қала береді.  Біріншісі сыртқы қаржыландырумен байланысты секторлар үшін (негізінен ол өндіру), екіншісі, яғни негізінен ішкі қаржы көздерін пайдаланатын салалар үшін өзекті болады", делінген шолуда.

Сонымен қатар, сыртқы сауда өндіруші секторлардағы қиындықтарға байланысты қысымға ұшырайды, - дейді сарапшылар. Олардың пікірінше, 2024 жылы төлем балансының ағымдағы шотына шикізат салаларындағы ахуал тежеуші сипатта әсер етеді. Дегенмен сарапшылар келесі жылдан бастап өндіріс көлемінің артуы тауар экспорты позициясын ішінара қалпына келтіреді деп болжайды.

"Болжамға сай, тауар импорты да ішінара қалпына келеді, бірақ тұтыныс пен инвестициялық сұраныстың орташа жиынтық өсімі, сондай-ақ салыстырмалы түрде теңгенің нығаюы бұл құбылыстың ақырындап жүретінін байқатады. Таза экспорт орташа оң мәндер аймағында қалыптасады, соның ішінде Қытаймен арадағы сауда байланысының артуы аясында", – деп толықтырады АКРА.

Халықаралық қызметтерге келетін болсақ, бұл ретте сарапшылар Қазақстанның ұстанымдары әлдеқайда тепе-теңдікте жүретінін айтады. Олар 2001 жылдан 2010 жылға дейінгі осы сегменттегі орташа теріс сальдоны мысалға алады:  ЖІӨ-нің (–) 6,7%, ал 2011 жылдан 2020 жылға дейін ЖІӨ-нің (-) 2,8% құрады және 2024 жылы ол (-) 1% деңгейіне жетуі мүмкін.

АҚША САЯСАТЫ

Сарапшылар бұл үрдіс 2025-2027 жылдары да жалғасын табады деп күтеді, оған көрсетілетін қызметтер көлемінің ұлғаюы, әсіресе көлік секторында және туризмде, сондай-ақ импорт өсімі де ықпал ететін болады.

"Елдің сыртқы шоттары үшін маңызды фактор, әдеттегідей резидент еместерге таза мәндегі бастапқы табыстары бойынша төленетін төлемдер болады: 2022 жылдан 2023 жылға дейін олар жыл сайын 51,5 млрд доллар немесе ЖІӨ-нің 10-11% құрады немесе 2022-2023 жылдарға арналған 55 млрд доллар жиынтық таза сауда балансын толығымен дерлік жапты. Бұл Қазақстан экономикасы бұрын сыртқы активтерге тікелей шетелдік инвестициялар арқылы қол жеткізген қаражатты толық көлемде қаржыландыруға жұмсап отырмағанын көрсетеді. Бұл үрдіс 2024 жылы төлем балансының ағымдағы шотында теріс сальдоның неге бұлай қалыптасқанын түсіндіре алады. Сондай-ақ бұл жайт  2025-2027 жылдары да өзектілігін жоғалтпайды. Әрі есептік кезеңнің соңына қарай ол 2023 жылы ЖІӨ-нің (-) 3,3%- нан (–) 1,5%-ға дейін азаяды", - деп атап өтті рейтингтік агенттіктегілер.

Осыған байланысты АКРА болжамды кезеңде ұлттық валютаға қысым жасайтын елеулі алғышарттарды байқамайды. Бұл ретте валюта бағамын түзетуге байланысты теңгенің шамалы арзандау ықтималдығына ғана жол беріледі. Онда да бұл инфляцияның жоғары деңгейінің ұзағырақ сақталуы мен теңгедегі пайыздық сыйақы мөлшерлемесінің төмендеуімен байланысты.

Сондай-ақ, сарапшылар қазір инфляциялық динамикаға ең елеулі үлес қосып отырған көрсетілетін қызметтер бағалары екенін нақтылайды. Олардың айтуынша, бұл - жылдық мәнде екі таңбалы цифрды көрсететін жалғыз сегмент.

"2025 жыл өз цикліндегі инфляцияның бой көтеруінің соңғы жылы болуы мүмкін (2022 жылдың басынан бастап). АКРА 2026 және 2027 жылдары реттеуші орган өз мақсатына жақындайды деп санайды, әрине егер жаңа дағдарыстар алдыны орап кетпесе, яғни сырттан "импортталған" немесе басқа да фискалдық кеңейтулерге байланысты", – деп атап өтті сарапшылар.

Сонымен қатар, Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты 2025 жылдың ортасына дейін қатаң күйде болады, деп күтеді агенттіктегілер. Олардың пікірінше, ағымдағы жылдың қараша айында реттеуші ведомство базалық сыйақы мөлшерлемесін шамалы төмендетуі мүмкін, мүмкін 0,25-0,5 п.п. бойынша. Одан кейінгі жағдайда сарапшылар бейтарап монетарлық саясат орнайтынын болжайды.

БОЛЖАМДЫ ҚАУІПТЕР

АКРА мемлекеттік бюджет тапшылығы 2026-2027 жылдары тұрақталады деп болжайды. Ал ағымдағы жылы оның көлемі шамамен 3,9-4 трлн теңге немесе  ЖІӨ-нің шамамен 2,9-3% деңгейін қамтиды деп күтіледі.

Сонымен қатар, сарапшылар өздерінің осы болжамды сценарийдің орын алуына кедергі болуы ықтимал төрт негізгі тәуекелді атап көрсетті. Олардың қатарында шикізат өндірісінің кеңеюі және экспорттық-сауда жолдарының күрделенуімен байланысты жағдайдың қиындауы, орта және ұзақ мерзімді перспективада шоғырландыруға бағытталған бюджеттің оңды-солды шашылуы, сондай-ақ кейбір салалардың қосарлас санкцияларға ұшырау ықтималдығы және рубльдің әлсіреуінен туындауы мүмкін қиындықтар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар