2024 жылы Қазақстаннан ай сайын 50 мың тоннаға дейін жанармай заңсыз экспортталған – Скляр

Қаракөз Амантай 28 мам. 2025 18:15

Қазақстаннан 2024 жылы ай сайын 50 мың тоннаға дейін жанар-жағармай материалдары (ЖЖМ) “қаптама тауар” ретінде экспортталған. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген бірінші вице-премьер Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, нафта, кеме және пеш отынына қатысты экспорттық шектеулерді алып тастау ұсынысына байланысты былай деді:

"Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы ЖЖМ бағасының айтарлықтай айырмашылығы 2024 жылы жанар-жағармайды жаппай сыртқа шығаруға және ішкі қордың күрт азаюына алып келді. Жалпы алғанда, ЖЖМ қоры 430 мың тоннаға кеміді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ай сайын 50 мың тоннаға дейін жанар-жағармай “қаптама тауар” ретінде шекара асқан. Бұл ретте мұнай өнімдерінің едәуір бөлігі шағын мұнай өңдеу зауыттарынан (мини-МӨЗ) шығарылған", – деді Роман Скляр.

Ол сондай-ақ 2025 жылдың ақпанында Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) Қырғызстанға заңсыз жолмен 8 вагон-цистерна (480 тонна) АИ-92 маркалы бензинді «қаптама тауар» ретінде алып өтпек болған әрекетті тоқтатқанын еске салды.

"2023-2024 жылдары мини-МӨЗ-дерден шамамен 117 мың тонна ЖЖМ сыртқа шығарылған", – деп толықтырды бірінші вице-премьер.

Айта кетейік, бұған дейін Парламент депутаттары елде мұнай экспорттаушы ірі мемлекеттердің бірі бола тұра, жанармай тапшылығы жүйелі мәселеге айналғанын көтерген еді. Депутаттардың пікірінше, тапшылықтың басты себептері – үш ірі мұнай өңдеу зауытының қуатының жеткіліксіздігі, шілде-қыркүйек аралығындағы жөндеу жұмыстары және мұнай өнімдерінің импортқа тәуелділігі. Бұл жағдай елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Альтернатив ретінде "Ақ жол" фракциясы 30-дан астам шағын мұнай өңдеу зауыттарының әлеуетін тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті. Бұл зауыттар шикізатқа қол жеткізуде қиындықтарға тап болып отыр және өңделген өнімді экспорттауға тыйым салынған.

Депутаттар:

• Экспорттық шектеулерді алып тастап, қатаң бақылау орнату;

• Құрал-жабдықтарды жаңғырту үшін мемлекеттік қолдау көрсету;

• Мұнайды бөлудегі ашықтықты қамтамасыз ету;

• Шағын зауыттарды 2050 жылға дейінгі мұнай өңдеу стратегиясына енгізу

сияқты ұсыныстарды алға тартты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар