Мамандар монша мен оның кәріз құбырын топырақтан аршып алыпты. Тарихи жәдігердің орта ғасырға тән екенін құбыр жанынан табылған ескі тиындар айғақтап отыр.
Бұл жер Шойтөбе деген атпен белгілі. 8-10-шы ғасырларда Шауғар деп аталып, Түркістан өңірінің орталығы болған екен. Сонымен қатар археологтар осыдан екі жыл бұрын Сайрам ауданындағы Хан-қорған қалашығынан да мың жыл бұрын салынған моншаны тапқан болатын. Оны Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтының мамандары 10-ғасырдағы Самани кезеңіне жатқызған еді. Ескі монша 5 бөлмеден тұрады. Қазба жұмыстары кезінде моншаның жылыту жүйесі, екі жуынатын және бумен қыздырыну бөлмесі табылған. Кейбір деректерде бұл маң Мадан-кент қаласының орны деп көрсетілген. Ал елімізде осы сынды моншалар Тараз бен Түркістанда кездеседі.
Айта кетелік бұдан бұрын өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Түркітсанды тарихи һәм туристік орталыққа айналдыру қажет екенін айтып отыр, осы бағытта ауқымды жобалардың қолға алынатынын хабарлаған еді.