Сайрамның саңырауқұлақтары ел нарығына шығуда

Dalanews 07 жел. 2018 08:57 774

Айта кетелік былтырдан бері ауданда голландиялық технологиямен саңырауқұлақ өсіріліп жатыр.

Жылыжай әдісімен жұмыс жасайтын кәсіпорын жылына 200 тонна қозықұйрық өндіруге қауқарлы.

Сайрам ауданында егілген саңырауқұлаққа Қарағанды, Алматы, Астана қалаларынан сұраныс көп. Бұл жобаға серіктестік 572 миллион теңге жұмсапты. Кешенде қазір 11 адам жұмыспен қамтылған.

Саңырауқұлақтың «А15» атты сортын өсіріп шығаратын жылыжай кешені тұқымды шетелден әкеледі. Кәсіпорындағы құрал-жабдықтар Польша мен Голландия елдерінен сатып алынған. Фермада көлемі 280 шаршы метр болатын 12 камера бар. Мұнда егілген қозықұйрық үш айда дайын болады.


Яғни шаруалар жылына 4 рет өнім алады.

Рашид Сейдалиев, технолог: – Бір камерадан 10 тонна алынады. 16 күн 25 градуста ұстаймыз. 16 күннен кейін 14 градусқа 3 күн ішінде жайлап түсіреміз. 14 градуста бір жұма ұстаймыз, сосын 21-22 градус арасында ұстағанда өзі өсіп шығады.

Түрлі дәрумендерге бай саңырауқұлақ – қант диабетіне де таптырмас ем. Бұл қозықұйрық фермасы қазір елімізге кіретін импортты алмастыруға ниетті. Кәсіпорын толық қуатымен жұмысқа қосылғанда Қазақстанның ішкі нарығын толық қамтамасыз етіп, артылған өнімін шетелге экспорттауға мүмкіншілігі бар.

Жоба толыққанды іске кірісу үшін өңіраралық инвестициялық орталығы 30 миллион теңге қаражат бөлді.

Серіктестік басшысы Ақжол Қоңқабаевтың айтуынша, күнделікті 300-500 келі өнім шығады. "Цехтың ішінде 12 бөлме бар. Әрбір бөлмеде 300 шаршы метрден. Соның үстіне егіледі. Өнімге деген сұраныс қазіргі таңда Алматы, Шымкент енді-енді үйреніп жатыр. Өздері келіп алып кетеді", – дейді ол.

Қозықұйрық өсіруде ең алғашқы ірі жоба болып табылатын ферма келер жылы саңырауқұлақтың өзге де сорттарын көбейтуді жоспарлап отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар