Қазақстан шетелдік заңгерлерге қанша төлеп отыр

Қаракөз Амантай 27 февр. 2026 12:23

Қазақстанның шетелдегі құқықтық мүддесін қорғау оңай шаруа емес. Бұл қомақты қаржыны талап етеді. Ашық деректерге қарағанда, британдық заңгерлердің сағаттық қызмет ақысы 800 доллардан 3000 долларға дейін барады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Protenge телеграм арнасы “Самұрық-Қазына” сатып алу порталында жарияланған ашық келісімшарттарға көз жүгіртті.

“Ұлттық “PSA” ЖШС беделді Quinn Emanuel Urquhart & Sullivan UK LLP заң фирмасымен 1 млрд теңгеден астам сомаға келісім жасасқан. Бұл шамамен 2 млн АҚШ долларына тең. Құжатқа сәйкес, келісім шетелдік соттар мен халықаралық арбитраждарда Қазақстанның мүддесін қорғауға бағытталған заңгерлік қызметтерді қамтиды”, - дейді дереккөз.


Ашық ақпарат көздерінде аталған халықаралық заң компаниясының тәжірибесі ауқымды, ірі дауларда жиі көрінетін кәсіби ойыншылардың бірі саналады.

“Айта кетерлігі, бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың тұсында мұндай шығындар туралы ақпарат жабық сипатта болған. Соған қарамастан, бұл бағытқа бюджет қаражаты жұмсалып келгені белгілі.

Әрине, сағатына 3000 доллар көлеміндегі қаламақы қарапайым қазақстандыққа тым қымбат көрінуі мүмкін. Бірақ халықаралық сот алаңында нәтижеге жету үшін жоғары деңгейдегі кәсібилікке ақы төлеуге тура келеді. Мұндай дауларда әкімшілік ықпал да, телефон құқығы да жүрмейтіні түсінікті”, - дейді дереккөз.

Оның үстіне бұл шығындарды қорғалуы немесе ел пайдасына өндіріліп алынуы мүмкін қаражат көлемімен салыстырғанда, олардың белгілі бір дәрежеде өзін ақтайтынын байқауға болады. Мәселен, Қазақстан Қарашығанақ бойынша арбитраждық дауда жеңіске жетіп, шамамен 4 млрд доллар көлемінде өтем алуы ықтимал. Іс әлі толық аяқталған жоқ, дегенмен бағыттың дұрыс екені аңғарылады.

Жалпы, шетелдегі шығындардың ашық жариялана бастауы - құптарлық үрдіс. “PSA” мұндай келісімшарттарды жасырып қалмай, ашық көрсетуі де оң бағалауға лайық. Ендігі үміт - осы ашықтық бастамасы жалғасын табады.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove