Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев Алматыдағы Іле Алатауы баурайында таңғы серуен ұймыдастырды. Шараға ерте тұрып, өзін-өзі дамытуға қызығушылық танытқан бір топ қатысушы жиналды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кездесу бейресми танысу әрі пікір алмасу форматында өтті. Әлиев SPARK OF LIGHT бастамасын таныстырып, жобаның саясатпен байланысы жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, бастама адамның рухани дамуын тереңдетіп, саналы өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Сондай-ақ ол махаббатты "Құдайдың дірілі" деп сипаттап, бастаманың басты мақсаты - оқу орындарында кеңінен оқытылмайтын өмірлік білім мен тәжірибені көпшілікпен бөлісу екенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін журналист Азамат Ерғалиев Қазақстанда коучинг саласына стандарттар енгізілгені туралы мәлімдемелерден кейін Нұрәлі Әлиевұйымдастырған іс-шараның заңдылығына күмән келтірген еді.
Оның айтуынша, жуырда депутаттар мен Үкімет өкілдері Қазақстанда коучинг қызметінің стандарттары бекітілгенін мақтанышпен мәлімдеген. Алайда журналист осы стандарттарға Нұрәлі Әлиев өткізетін шараның сәйкестігіне қатысты бірқатар нақты сұрақ қойды.
«Нұрәлі Әлиевтің бұл іс-шарасы нақты қандай стандарттарға сай келеді?» – деп жазады Ерғалиев.
Сондай-ақ ол Нұрәлі Әлиевтің Қазақстан аумағында мұндай қызметпен айналысуға құқығы бар-жоғына назар аударды. Журналистің сөзінше, коуч немесе ментор ретінде қандай білім алғаны, қандай практикалық дайындықтан өткені, кәсіби біліктілігі қалай расталғаны ашық айтылуы тиіс.
Ерғалиев Халықаралық коучинг федерациясының (ICF) сертификатына да арнайы тоқталды. Оның айтуынша, Үкімет дәл осы ICF стандарттарына сүйене отырып, Қазақстандағы коучинг қызметінің талаптарын әзірлеген.
«Ол ICF – Халықаралық коучинг федерациясының емтиханын тапсырды ма, тиісті сертификаты бар ма?» – деп сұрақ қояды журналист.
Сонымен қатар Ерғалиев оқырмандарға да ескерту жасады. Оның айтуынша, егер азаматтар осындай кездесулерге қатысатын болса, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңы бар екенін ұмытпауы керек.
«Айта кетейін, егер біреу бұл кездесуге барып қалса, тұтынушы ретінде өз құқығыңыз бар. Әйтеуір, “шифт” болмай қалған жағдайда керек болып қалар», – деп түйіндеді Азамат Ерғалиев.
