Павлодарда жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Dala News.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, «112» пультіне жер жұмыстары барысында топырақтың құлағаны туралы хабар түскен.
Оқиға орнына жедел түрде құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жеткен. Құтқару бөлімшелері келгенге дейін кәсіпорын қызметкерлері бір адамды өз күштерімен шығарып алған.
Кейін құтқарушылар топырақ астынан тағы екі зардап шегушіні алып шыққан. Алайда үйінді астынан екі адамның мәйіті табылғаны хабарланды.
Зардап шеккендерге ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының мамандары алғашқы көмек көрсетіп, кейін жедел жәрдем бригадаларына тапсырған.
Алдын ала мәлімет бойынша, топырақтың опырылу тереңдігі шамамен 6 метрді құраған.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
