Астанада жаңа автотұрақ ережелері енгізіледі

Самал Асқар 13 апр. 2026 16:08

Астанада автотұрақ, көліктерді эвакуациялау және шлагбаумдар орнатуға қатысты жаңа ережелер қабылданды, деп хабарлайды Dala News.
 
Құжатқа сәйкес, қала аумағында көлік қою тек арнайы белгіленген және таңбаланған орындарда ғана рұқсат етіледі. Атап айтқанда, әкімдік бекіткен орындардан тыс жерлерде:
•рұқсат етілген ең жоғары массасы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктерін (коммуналдық қызметтерден басқа);
•электр самокаттар, электр қозғалтқышы бар велосипедтер және шағын электр көліктерін қоюға тыйым салынады.
 
Жеке немесе заңды тұлғаларға тиесілі автотұрақтар қала талаптарына, дизайн-кодқа және абаттандыру ережелеріне сәйкестендірілуі тиіс.
 
Сонымен қатар жеке автотұрақ иелері:
•мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы орындарды қамтамасыз етуге;
•жедел, авариялық және коммуналдық қызметтердің тәулік бойы еркін кіруін қамтамасыз етуге міндетті.
 
Қаладағы автотұрақтардың жүктемесін бақылау үшін Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы нақты уақыт режимінде деректер жинайды.
 
Ақылы автотұрақтар: тарифтер мен шарттар
 
Ақылы коммуналдық автотұрақтар екіге бөлінеді:
•көшедегі (жол бойындағы);
•жабық (ғимараттардағы немесе көпдеңгейлі тұрақтар).
 
Барлық ақылы автотұрақтар жол белгілерімен, таңбалармен және техникалық құралдармен белгіленеді.
 
Онда міндетті түрде:
•тариф;
•төлем тәсілдері;
•байланыс нөмірлері көрсетілуі тиіс.
 
2026 жылғы 12 шілдеден бастап төлем әр сағат үшін алынады және тарифтік аймаққа байланысты болады.
 
Астанада үш тарифтік аймақ енгізіледі:
•1-аймақ – жоғары сұраныс (сағатына 200 теңге);
•2-аймақ – орташа сұраныс (сағатына 150 теңге);
•3-аймақ – төмен сұраныс (сағатына 100 теңге).
 
Тұрғындар үшін белгілі бір жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, үй немесе коммерциялық нысан иесінің өтініші бойынша өз аумағындағы автотұрақты бір көлік үшін тегін пайдалану мүмкіндігі беріледі.
 
Егер көлік тұрақта 8 сағаттан артық тұрса:
•тәуліктік тариф қолданылады;
•сондай-ақ абонемент арқылы айлық төлем жасау мүмкіндігі бар.
 
Ақылы автотұрақтардан мына санаттағы азаматтар босатылады:
•ардагерлер;
•I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
•көпбалалы аналар;
•Семей полигонынан зардап шеккендер;
•электромобиль иелері;
•жедел қызмет көліктері.
 
Төлем бақылауы:
•арнайы көліктер арқылы;
•немесе стационарлық камералар мен жүйелер арқылы жүргізіледі.
 
Көлік иелері тұрақ ақысын сол күні сағат 23:59-ға дейін төлей алады.
 
Шлагбаумдар мен қоршаулар
 
Жаңа ережелер шлагбаумдар мен басқа да шектеу құрылғыларын орнатуға да қатысты.
 
Оларға:
•қоршаулар;
•тірі қоршаулар;
•шлагбаумдар;
•боллардтар;
•қақпалар;
•қарсы шабуыл құрылғылары жатады.
 
Мұндай құрылғылар:
•тек уәкілетті органмен келісілген жағдайда орнатылады;
•жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарына сәйкес болуы тиіс;
•жаяу жүргіншілер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергі келтірмеуі қажет.
 
Барлық өтінімдер электронды түрде беріледі, ал Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы 5 жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды.
 
Шлагбаумдар:
•тәулік бойы қашықтан басқарылуы тиіс;
•жедел қызметтер үшін автоматты түрде ашылуы қажет.
 
Ақау болған жағдайда көлік өтуіне кедергі келтірмеу міндеттеледі.
 
Эвакуация тәртібі
 
Құжатта сондай-ақ:
•көліктерді эвакуациялау;
•арнайы тұрақтарда сақтау;
•көлікті қайтару тәртібі белгіленген.
 
Жаңа ережелер 2026 жылғы 20 сәуірден бастап күшіне енеді, ал кейбір нормалар 12 шілдеден бастап енгізіледі.

Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove