Атырауда өгей қыздарын зорлағаны үшін сотталған Дабыл Жәрдемұлының түрмеде өлі күйінде табылғаны қоғамда резонанс тудырды. Кейін оның Атырау қаласының әкімі Шакир Кейкиннің алыс туысы екені белгілі болды. Бұл туралы құқық қорғау органдарындағы дереккөздер журналистерге хабарлаған, деп хабарлайды Dalanews.kz Newtimes басылымына сілтеме жасап.
Дереккөздердің мәліметінше, Дабыл Жәрдемұлы әкімнің туысы болғанымен, туған ағасы емес. Осыған байланысты олардың тегі мен әкесінің аты әртүрлі.
Сотталушы Жылыой ауданының Құлсары қаласында жерленген. Бұл өңір - Атырау әкімі Шәкір Кейкиннің де туған жері.
Куәгерлердің айтуынша, жерлеу рәсіміне жүздеген, кей деректер бойынша мыңға жуық адам жиналған. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер де болған. Алайда марқұмның туыстары қылмыстық істің мән-жайын жария етпегендіктен, жерлеуге келгендердің барлығы оның қандай қылмыс үшін сотталғанын білмеген.
51 жастағы Дабыл Жәрдемұлы аса ауыр қылмыстар үшін сотталған. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі («Кәмелетке толмағанды зорлау») және 124-бабының 4-бөлігі («Кәмелетке толмағандарды азғындату») бойынша кінәлі деп таныған. Іс бойынша жәбірленуші ретінде оның өгей қыздары - екі кәмелетке толмаған қыз өткен. Ер адам 25 жылға бас бостандығынан айырылған, алайда үкім сол сәтте заңды күшіне енбеген. Осыған байланысты ол түрмеге этапталмай, тергеу изоляторында қамауда болған.
22 наурыз күні педофилия үшін сотталған Дабыл Жәрдемұлы түрмеде қаза тапты. Ресми мәлімет бойынша, ол тергеу изоляторындағы жаппай төбелес кезінде өлтірілген.
