Ақмола облысында екі оқушы жүк пойызының үстінен құлап кетті

Сағыныш Сардарова 13 апр. 2026 10:42

Ақмола облысында екі оқушы жүк пойызына мініп, вагоннан вагонға секірген. Қауіпті әрекет олардың өміріне қауіп төндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқиға 11 сәуірде Целиноград ауданындағы Жайнақ станциясында, Астана-Атбасар бағытында болған. Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, машинист вагонда бөгде адамдарды байқап, пойызды шұғыл тоқтатуға мәжбүр болған.

Жағдай қауіпті екенін түсінген ол дереу станция кезекшісіне және көліктегі полицияға хабар берген. Оқиға орнына келген қызметкерлер 14 және 16 жастағы екі жасөспірімді анықтады. 

Полицейлер жасөспірімдерді пойыздан түсірмек болған кезде қашуға тырысқан олардың бірі төменге құлап, бұғанасын сындырған. Екіншісі аяғын соғып алған. Зардап шеккен жасөспірім ауруханаға жеткізілді, ал екіншісі ата-анасына тапсырылды.

Қазір олардың пойыз үстіне қалай шыққаны және сол сәтте пойыз қозғалыста болған-болмағаны анықталып жатыр.

Жасөспірімдердің ата-аналары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені және теміржолдағы тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove