Иран мен АҚШ-тың Исламабадтағы сәтсіз келіссөзі: Трамп келесі қадамға көшті

Сағыныш Сардарова 13 апр. 2026 09:44

АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазын бұғаттау басталатынын айтты. Бұл туралы ол Truth Social желісінде жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Исламабадта өткен Иран делегациясымен келіссөздерді түсіндірген Дональд Трамп көптеген тармақ бойынша келісім болғанын, алайда негізгі мәселе - ядролық тақырып шешілмегенін атап өтті.

"АҚШ әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазына кіріп-шығатын кез келген кемені бұғаттау процесін бастайды. Кейін бәріне еркін өтуге мүмкіндік берілетін режимге көшеміз", - деді ол.

Сондай-ақ, Дональд Трамп Иранға "алым" төлеген кез келген кемені халықаралық суларда іздеп, тоқтатуды тапсырғанын айтты. Оның сөзінше, мұндай төлем жасағандарға қауіпсіз жүзуге рұқсат берілмейді. Бұдан бөлек, АҚШ күштері бұғазда орнатылған миналарды жоюға кіріседі.

Дональд Трамп Иран тарапынан кез келген шабуылға қатаң жауап берілетінін ескертті. Оның айтуынша, бұғаттау жақын уақытта басталады және оған басқа елдер де қатысуы мүмкін.

Айта кетейік, Пәкістан астанасы Исламабадта АҚШ пен Иран делегациялары арасында тікелей келіссөздер өткен еді. АҚШ делегациясын вице-президент Джей Ди Вэнс бастап барса, құрамында арнайы өкіл Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер болды. Иран тарапын парламент спикері Мохаммед Багер Ғалибаф бастап, сыртқы істер министрі Аббас Арагчи қатысқан.

Келіссөздер нәтиже бермеген. Екі тарап та нақты келісімге қол жеткізілмегенін мәлімдеді. Осыдан кейін мұнай бағасы да күрт өсті.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove