Белгілі журналист Есенгүл Кәпқызы Астанада өрттен қаза тапқан үш баланың оқиғасына қатысты пікір білдіріп, төтенше жағдай кезінде арнайы қызмет көліктеріне кедергі келтіретін жүргізушілер мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналист қоғамда өзгені ойламай, тек жеке ыңғайын күйттейтін әрекеттер жиілеп кеткенін айтып, мұндай жауапсыздық кейде орны толмас қайғыға себеп болатынын жеткізді.
“Жалпы адамдарда өзгеге бөгет болмайын, біреудің жолын бөгемейін деген идея қалмаған. Біз мұндаймен күнде бетпе-бет келеміз. Өзіме ыңғайлы болса болды, өзгелерде шаруам жоқ деген ниетпен талтаңдайды. Сондайлардың кесірінен кеше Астанада үш сәби өртке ораныпты, өкінішті. Ата-анасына қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Ал құтқару қызметіне жолды бөгеген көліктерді сүріп тастайтын құқық берген жөн сияқты. Өйткені адам тағдыры, соның ішінде бала тағдыры сынға түсіп тұр ғой”, - деп жазды ол Facebook парақшасында.
Еске салайық, 12 сәуірге қараған түні Астанадағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Оқиға орнында үш баланың денесі табылды. Өрт сөндірушілер бір әйелді құтқарып, оны күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы шамамен 40 тұрғын ғимараттан өз бетінше шыққан.
Айта кетейік, балалардың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті құқықтық баға берілмек.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері аумақты қоршауға алып, арнайы техниканың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй кешенінің ауласын тұрақта тұрған көліктерден босатқан.
Кейін полиция департаменті оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен қызметкерлердің бейнетіркегіштерінен алынған жазбаны жариялады. Кадрларда олардың бірден тұрғындарды эвакуациялауға кіріскені көрінеді.
Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті түнгі өртке қатысты қосымша мәлімет берді. Құтқарушылардың айтуынша, тұрғын үй кешенінің ауласына кіреберіс темір қақпамен жабық болған, ал аула көліктермен толып тұрған.
Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Түкүшевтің айтуынша, өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде пәтер толық аумағы бойынша ашық жалынға оранған. Пәтер есігі жабық болғандықтан, құтқарушылар оны арнайы құралдардың көмегімен ашуға мәжбүр болған.
Оның сөзінше, өрт дабылы мен хабарлау жүйесі іске қосылып, лифтілер бірінші қабатқа түскен. Сонымен қатар, аулаға кіреберіс темір қақпамен жабық болып, аула автокөліктермен толып тұрғанына қарамастан, өрттің көрші пәтерлерге таралуына жол берілмеген.
