Атырау облысында балық шаруашылығы саласында 147 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алынды, деп хабарлайды Dala News.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына тұрақты түрде талдау жүргізіледі.
Тексеру барысында «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» мемлекеттік кәсіпорны 2026 жылғы 23 ақпанда мемлекеттік сатып алу порталында бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығын сатып алуға арналған хабарландыру жариялағаны анықталған. Сатып алу сомасы 147,4 млн теңгені құрағаны айтылды.
Алайда «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» заңның 11-1-бабына сәйкес, мемлекеттік кәсіпорындарға бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығын сатып алуға рұқсат берілмейтіні көрсетілген.
Соған қарамастан, зауыт өзіне жүктелген міндеттерге қайшы келетін әрекетке барып, уылдырықты заңды тұлғалардан нарықтық бағамен сатып алуды жоспарлағаны және мемлекеттік сатып алуды негізсіз ұйымдастырғаны анықталды.
Табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актісі негізінде аталған мемлекеттік сатып алу рәсімі жойылып, нәтижесінде 147 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты үнемделгені хабарланды.
Қадағалау органы балық шаруашылығы саласындағы заңдылықтың сақталуы тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
