«Біз дос емеспіз»: Кремль Венгрияға қатысты мәлімдеме жасады

Самал Асқар 13 апр. 2026 19:09

Венгриядағы парламент сайлауынан кейін елдің сыртқы саясатына қатысты қарама-қайшы мәлімдемелер көбейіп, геосаяси шиеленіс күшейді, деп хабарлайды Dala News.

Ресей билігі оппозиция лидері Петер Мадьярды сайлаудағы жеңісімен құттықтамайтынын мәлімдеді. Кремль Венгрияны «достық емес елдер» қатарына жатқызатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Орбанмен «достық болмағанын», тек диалог жүргізілгенін айтты.

Осы тұста Еуроодақ керісінше белсенді позиция танытып отыр. Урсула фон дер Ляйен ЕО Украинаға арналған 90 млрд еуро көлеміндегі қаржыны тез арада іске қосу қажет екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайды пайдаланып, ЕО сыртқы саясаттағы шешімдер үшін бірауыздылық талабын қайта қарауы тиіс.

Венгрияның өз ішінде де қоғамдық көңіл-күй өзгергені байқалды. Будапешт метросында адамдар «Ruszkik haza!» («Орыстар, үйге қайтыңдар!») деген ұрандар айтқан. Бұл – 1956 жылғы революция кезіндегі тарихи ұран.

Сонымен қатар жаңа саяси фигура Петер Мадьяр бірқатар маңызды мәлімдеме жасады. Ол Венгрия Ресейден мұнай сатып алуды жалғастыратынын айтты.

«Біз ең қауіпсіз және ең арзан мұнайды сатып алуға ұмтыламыз», – деді ол.

Сондай-ақ ол Украинаға 90 млрд еуро көлеміндегі еуропалық несиелеу жоспарын қолдамайтынын жеткізді және Украинаның ЕО-ға жедел кіруіне қарсы екенін мәлімдеді.

Мадьярдың айтуынша, Украинаға қатысты шешімдер тек украин халқының еркіне байланысты болуы тиіс.

«Украина – бұл соғыстың құрбаны. Ешкім оған қандай шартпен бейбіт келісім жасау керектігін айта алмайды. Ешбір елді өз территориясынан бас тартуға мәжбүрлеуге болмайды», – деді ол.

Сонымен қатар ол Ресей президенті Владимир Путинмен ықтимал байланыс туралы да пікір білдірді.

«Егер ол маған қоңырау шалса, жауап беремін. Бірақ өзім бірінші болып хабарласпаймын. Егер сөйлесетін болсақ, соғысты тоқтатуды сұрар едім», – деді Мадьяр.

Оның айтуынша, бұл соғыстың мағынасы жоқ және мыңдаған адамның өмірін қиған.

Сарапшылардың пікірінше, Венгриядағы билік ауысуы Еуропа мен Ресей арасындағы тепе-теңдікке әсер етуі мүмкін, алайда жаңа биліктің ұстанымы толықтай бір бағытқа өзгермейтіні байқалып отыр.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove