Балаларының көзінше өлтірген: Иманкулов ісі қайта тергеуге жіберілді

Самал Асқар 13 апр. 2026 20:29

Астанада Сания Алимжанованың өліміне қатысты іс бойынша сот материалдарды қосымша тергеуге қайтарды, деп хабарлайды Dala News.

Судья Айжан Кульбаева істі прокуратураға қайта жолдап, Ержан Иманкуловқа қатысты жаңа сот-психологиялық және психиатриялық сараптама тағайындау туралы шешім қабылдады.

Марқұмның туыстары бұл шешімді әділ деп бағалады.

«Біз мұны күттік. Қайта сараптама тағайындалғанына қуаныштымын. Бұрынғы сараптамаларда қайшылықтар болды. Сот барлық дәлелдер мен жағдайларды ескерді. Енді іс қайта қаралады», – деді марқұмның әпкесі Алуа Сайдалина.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға Астанада болған. Тергеу нұсқасы бойынша, Ержан Иманкулов бірге тұрған әйеліне үйінде пышақпен шабуыл жасаған. Оқиға балалардың көз алдында болған.

Оқиғадан кейін күдікті өз-өзіне қол жұмсамақ болып, 25-қабаттан секірген. Алайда ол аман қалып, ауыр жарақат алған, соның ішінде бас-ми жарақаты тіркелген.

Қазіргі уақытта ол мамандандырылған психиатриялық мекемеде ем алып жатыр және сот процесіне қатыспайды.

Бұған дейін сарапшылар Иманкулов қылмыс кезінде психикалық күйзеліс жағдайында болған және өз әрекетіне есеп бере алмаған деген қорытынды жасаған.

Алайда жәбірленуші тарап бұл пікірмен келіспейді. Марқұмның туыстары күдікті жауапкершіліктен жалтару үшін психикалық жағдайын әдейі көрсетуі мүмкін деп санайды.

Қайта тағайындалған сараптама нәтижесіне қарай іс бойынша шешім қабылданады.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove