Шымкентте студенттерді «баға түзетеміз» деп алдағандар ұсталды

Самал Асқар 27 февр. 2026 14:16

Шымкент қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы студенттерді нысанаға алған алаяқтық схеманың жолын кесті, деп хабарлайды Dala news.

Тергеу мәліметінше, екі күдікті 2025 жылдың қазан айынан бастап TikTok әлеуметтік желісі арқылы шымкенттік жоғары оқу орындарының студенттерін анықтап отырған. Арнайы боттардың көмегімен олар пайдаланушылардың ұялы телефон нөмірлері мен анкеталық деректерін алған.

Кейін күдіктілер оқу орнының порталын пайдаланып, студенттердің үлгерімін тексерген. Кейбірінде сынақтан төмен балл барын анықтаған соң, белсенді әрекетке көшкен.

Алаяқтар мессенджер арқылы жалған нөмірлерден хабарласып, өздерін университет қызметкері ретінде таныстырған. Студенттерге «бір балл жетпей тұр», «академиялық қарыз туындайды» деген жалған ақпарат беріп, мәселені «шешіп беруді» және бағаны «түзетуді» ұсынған.

Қызметі үшін әр студенттен 70–80 мың теңге талап еткен. Ақша алғаннан кейін байланысқа шықпай қойған. Қазіргі уақытта олардың алты эпизодқа қатысы бары анықталған.

Аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Полиция интернет-алаяқтардың әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы өзін түрлі ұйым қызметкері ретінде таныстырып, жалған «мәселе» ойлап табатынын ескертті. Азаматтарды күмәнді хабарламаларға сенбеуге, жеке деректер мен растау кодтарын бермеуге, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырды. Күмән туындаған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove