БЖЗҚ зейнетақы жүйесіне қатысты жаңа деректі жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржылық сауат телеграм арнасының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтарда елдегі айлық инфляция 1% болған.
“Демек, зейнетақы активтерін басқарушылар кемінде осы деңгейден жоғары табыс көрсеткенде ғана жинақтың нақты құны сақталады. Керісінше жағдайда қаржы инфляция әсерінен құнсызданады”, - дейді дереккөз.
Қазіргі таңда зейнетақы активтерін басқаратын алты субъект бар: Ұлттық банк және бес жеке компания. Алайда қаңтар қорытындысы бойынша олардың тек үшеуі ғана инфляциядан жоғары нәтиже көрсеткен.
“Көш басында - Halyk Global Markets. Компания басқаруындағы қаражат көлемі 8,2 млрд теңге болғанымен, табыстылығы 1,15%-ға жетіп, ең жоғары көрсеткішке шықты”, - дейді Қаржылық сауат телеграм арнасы.
Екінші орында Alatau City Invest. Ол 15,7 млрд теңгені басқарып, ай ішінде 1,11% табыс тапқан.
Үздік үштікті Сентрас Секьюритиз түйіндейді. Компанияның басқаруындағы 5,3 млрд теңге актив 1,04% кіріс әкелген.
Ал зейнетақы активтерінің негізгі бөлігі Ұлттық банктің басқаруында. Қазір онда халықтың 25,4 трлн теңгесі шоғырланған. Мұндай ірі портфель жоғары тұрақтылықты талап ететіні түсінікті. Қаңтар айында Ұлттық банк 0,87% табыс көрсетті. Бұл инфляциядан сәл төмен болғанымен, актив көлемін ескерсек, көрсеткіш қалыпты динамика ретінде бағаланып отыр.
“Қалған басқарушылардың нәтижесі мынадай: BCC Invest - 0,8%, ал жеке компаниялар ішінде ең ірі портфельге (53,8 млрд теңге) ие Halyk Finance - 0,59%.
Бұл деректер бір маңызды жайтты аңғартады: актив көлемі әрдайым жоғары табыстың кепілі емес. Кейбір шағын басқарушылар икемдірек стратегияның арқасында жақсы нәтиже көрсете алған”, - деп қосты дереккөз.
Дегенмен сарапшылар бір айлық статистикаға қарап түбегейлі қорытынды жасауға асықпау керегін ескертеді. Қаңтардағы көрсеткіш - тек қысқа мерзімді көрініс. Сондықтан жинақты жеке басқаруға беруді ойлаған салымшылар компаниялардың тоқсандық, жылдық және ұзақмерзімді нәтижелеріне назар аударғаны жөн.
БЖЗҚ сайтында жарияланатын есептерді тұрақты бақылау - дұрыс шешім қабылдаудың басты шарты. Өйткені әрбір пайыз болашақ зейнетақының нақты құны.
