Халықаралық рейтингтік агенттік S&P Global Ratings Қазақстанның ұзақ мерзімді егемендік рейтингін BBB-, ал қысқа мерзімді рейтингін A-3 деңгейінде растады. Сонымен қатар ұзақ мерзімді рейтингтер бойынша оғ болжам жасалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
S&P сарапшылары Үкімет алдағы орта мерзімде фискалдық тәртіпті күшейту бағытын жалғастырады деп есептейді. Бұл:
-
салық базасын кеңейту,
-
мемлекеттік шығыстарды қатаң бақылау,
-
елдің елеулі өтімді резервтерін сақтау
арқылы жүзеге аспақ.
Алдағы үш жылда Ұлттық қордан мақсатты трансферттер мен облигациялық қарыз алу жоспарланбаған. Кепілдендірілген трансферт көлемі жыл сайын 2,77 трлн теңге деңгейінде бекітілген, бұл бұрынғыдан шамамен екі есе аз.
S&P болжамына сәйкес, 2026 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,1%-ға дейін баяулайды. Бұған:
-
мұнай өндірудің 4%-ға қысқаруы,
-
фискалдық ынталандырудың әлсіреуі,
-
салықтың өсуі мен несие саясатының қатаюына байланысты тұтынушылық белсенділіктің төмендеуі әсер етеді.
Ал 2028–2029 жылдары экономикалық өсім қайтадан шамамен 4% немесе одан жоғары деңгейде қалыптасады деп күтіледі. Дегенмен геосаяси тұрақсыздық пен бюджеттің мұнай бағасына тәуелділігі негізгі тәуекел болып қала береді.
Агенттік бағалауынша:
-
2026 жылдың соңында инфляция – 11%,
-
доллардың бағамы – 540 теңге шамасында болады.
Рейтингтің көтерілуі фискалдық резервтердің нығаюы мен мұнайдан тыс кірістердің өсуіне байланысты. Ал салық-бюджет саясаты әлсіресе немесе сыртқы өтімділік нашарласа, болжам төмендеуі мүмкін.
S&P Қазақстанның банк секторын тұрақты деп бағалайды. Қаржы ұйымдары:
-
жеткілікті капиталмен,
-
берік өтімділік позицияларымен,
-
тұрақты клиенттік депозиттерге сүйенген
қорландыру құрылымымен ерекшеленеді.
Сонымен бірге агенттік тұтынушылық кредит беру қарқыны баяулайды деп болжайды.
S&P болжамынша, мұнай бағасы:
-
2026 жылы – барреліне $60,
-
2027–2029 жылдары – $65 деңгейінде болады
(2025 жылы шамамен $69).
Агенттік Қазақстанның Ресейдің құбыр инфрақұрылымына тәуелділігін экономикалық өсім үшін осал тұс деп атады. Сонымен қатар болжамды мұнай өндіру көлемі (тәулігіне 1,93 млн баррель) Қазақстанның ОПЕК+ квотасынан (1,532 млн баррель) айтарлықтай жоғары. Бұл халықаралық мұнай компанияларының қызметін мемлекеттік реттеу мүмкіндігінің шектеулігін көрсетеді.
S&P бағалауынша, Қазақстан экономикасы алдағы жылдары өсуін жалғастырады, бірақ қарқыны баяуырақ болады. Үкімет инвестициялық белсенділікті «Бәйтерек» холдингі арқылы квазифискалдық ынталандырумен қолдауға ниетті. Алайда агенттік бұл шаралар экономиканы тежейтін факторларды толық өтей алмайды деп санайды.
