Балалар саясаты 2030 жылға дейін жүйелі түрде жаңғыртылады - министрлік

Dalanews.kz 27 февр. 2026 10:15

Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында балалардың құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет 2026-2030 жылдарға арналған "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы әзірленді. Құжат қолданыстағы шаралар мен бағдарламаларды тұтас жүйеге біріктіреді.

"Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әрбір баланың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғалу және отбасында тәрбиелену құқықтарын қамтамасыз ететін жүйелі әрі үйлестірілген тәсілді қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ, ведомствоаралық үйлестіруді нығайтуға бағытталған", - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Бүгінде елімізде 6 902 492 бала тұрады, бұл - халық санының үштен бірі. Кейінгі 10 жылда балалар саны шамамен 1,5 миллионға артты. Бұл инфрақұрылым мен қолдау жүйесін одан әрі нығайтуды талап етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік принципін енгізуге бағытталған 10 заң қабылданды. 2025 жылы заңнамаға балалардың құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті бекітетін қосымша өзгерістер енгізілді. 237 мыңнан астам бала психологиялық-медициналық-педагогикалық қолдаумен қамтылған, оның ішінде шамамен 17 мың бала үйде білім алады. Білім беру ұйымдарында 3,8 мың педагог-ассистент және 10 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс істейді.

Балалардың тамақтануы мен санитариялық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізіліп, өнім сапасы мен санитариялық талаптардың сақталуына бақылау күшейтілді. Мектепке дейінгі білім беру саласында «Ақша балаға беріледі» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру енгізілді. Бұл тетік кезекті екі есеге қысқартуға және 21 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Елімізде 11 900 балабақша жұмыс істейді, онда шамамен 1 миллион бала тәрбиеленуде, ал мектепке дейінгі сыныптарда 163 мыңнан астам бала білім алуда.

"Қазақстан балалары" тұжырымдамасын іске асыру балалар саясатын жүйелі дамытуға және әрбір бала үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove