Қазақстанның Жоғарғы соты адамның жыныстық қолсұғылмаушылығы мен жыныстық еркіндігіне қарсы қылмыстарға қатысты істер бойынша нормативтік қаулы қабылдады, деп хабарлайды Dala news.
Пленарлық отырысты Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мергалиев өткізді. Жиынға Жоғарғы сот алқаларының төрағалары мен судьялары, ғалымдар, ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, сот әкімшілігінің, Бас прокуратураның, ІІМ мен Әділет министрлігінің, сондай-ақ адвокатура өкілдері қатысты.
Отырыста «Адамның жыныстық қолсұғылмаушылығына және жыныстық еркіндігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сот тәжірибесінің кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулы жобасы талқыланып, дауыс беру нәтижесінде қабылданды.
Жоғарғы сот судьясы Есенбай Боранбаев құжатты таныстыра отырып, бұл санаттағы қылмыстардың қоғамдық қауіптілігі жоғары әрі салдары ауыр екенін атап өтті. Оның айтуынша, қаулы сот тәжірибесін біріздендіруге және қылмысты саралау кезінде туындайтын түсінбеушіліктерді жоюға бағытталған.
Құжатта зорлау, сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері және өзге де сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер ұғымдарының мазмұны нақты айқындалған.
Судья Жанна Волкова қаулыда сондай-ақ сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу, азғындық әрекеттер және сексуалдық сипаттағы тиісу түсініктері ашып көрсетілгенін айтты. Бұдан бөлек, «қайталанушылық» белгісі бойынша саралау мәселелері түсіндірілген.
Жоғарғы сот судьясы Нуржан Жолдасбеков соңғы жылдары Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты сот тәжірибесінде туындайтын мәселелерге жан-жақты түсіндірме берілгенін атап өтті.
Сондай-ақ құжатта кәмелетке толмаған куәгерлер мен жәбірленушілердің айғақтарын депонирлеу тәртібіне ерекше назар аударылған. Бұл олардың құқықтары мен процессуалдық кепілдіктерін қамтамасыз ету үшін маңызды қадам ретінде бағаланды.
