Пәкістан-Ауғанстан шекарасында жағдай ушықты: тараптар бір-біріне соққы жасады

Қаракөз Амантай 27 февр. 2026 11:13

Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы жағдай қайта ушығып, тараптар бір-біріне соққы жасады. Пәкістан билігінің мәлімдеуінше, елдің қарулы күштері бейсенбі күні ауғандық "Талибан" қозғалысы жасаған шабуылға жауап қайтарған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Пәкістанның Ақпарат және радиохабар тарату министрлігі бұл әрекетті "Ауғанстандағы Талибан режимінің арандатусыз қадамына берілген жедел әрі тиімді жауап" деп бағалады. Ресми Исламабад өз аумақтық тұтастығы мен азаматтарының қауіпсіздігін қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайтынын мәлімдеді.

Пәкістан тарапының дерегінше, олардың әскері Читрал, Хайбер, Мохманд, Куррам және Баджаур аудандарында талибтерге қарсы соққыларды жалғастырып жатыр. Исламабад 72 ауған талибының жойылғанын, тағы көптеген адамның жараланғанын және бірнеше әскери нысан мен қару-жарақтың талқандалғанын хабарлады.

Алайда Ауғанстан бұл мәліметтерді растамады. Кабулдың мәлімдеуінше, қақтығыс салдарынан сегіз ауған сарбазы қаза тауып, 11-і жараланған. Сонымен бірге Пәкістан күштері Нангархардағы босқындар лагеріне соққы жасаған кезде 13 бейбіт тұрғын, оның ішінде әйелдер мен балалар жарақат алғаны айтылды.

Бұған дейін бейсенбі кешінде ауған әскері Пәкістан позицияларына қарсы шабуыл бастаған. Кабул бұл операцияны демалыс күндері Пәкістан аумағынан Ауғанстандағы нысандарға жасалған әуе соққыларына жауап ретінде түсіндірді. Шабуыл салдарынан кемінде 18 адам қаза тапқан еді. Ауғанстан қорғаныс министрлігі жауап соққылары шекара бойындағы алты провинцияда жүргізілгенін хабарлады.

Пәкістан демалыс күндері Ауғанстан аумағына жасаған соққыларын "Пәкістан Талибаны" (Tehrik-e-Taliban Pakistan, TTP) лагерлеріне, оның бөлімшелеріне және "Ислам мемлекетімен" байланысты топтарға қарсы бағытталғанын мәлімдеген. Исламабад бұл ұйымдарды ел ішіндегі бірқатар шабуылға жауапты деп айыптады.

Кейінгі апталарда Пәкістанда бірнеше өлімге әкелген шабуылдар тіркелген. Билік оларды Ауғанстан аумағында орналасқан топтардың "жетекшілері мен үйлестірушілерінің нұсқауымен" жасалған деп санайтынын айтты.

Еске салайық, былтыр қазан айынан бері екі ел арасында тұрақсыз бітім сақталып келген. Алайда желтоқсан айының басында да тараптар шекара бойында қарқынды атыс алмасқан болатын.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove