Индонезия полициясы Атырау облысында жоғалған отбасыға қатысты істегі күдікті күйеу баланың суретін жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Солтүстік Ломбок аймақтық полициясы қос кісі өлтіру дерегі бойынша Интерполдың "қызыл хабарламасына" енгізілген 29 жастағы Қазақстан азаматын қолға түсірген.
"С.С. деп көрсетілген күдікті сейсенбіде Сенару ауылындағы қонақүйде ұсталды. Операция Индонезия ұлттық полициясының Халықаралық қатынастар басқармасымен бірлесіп жүргізілді. Тінту барысында полиция 30 жастағы Қазақстан азаматы - M.A.-ны да ұстады. Қазір оның құқықтық мәртебесі нақтыланып жатыр. Күдіктілерден төлқұжаттар, ұялы телефондар және халықаралық банк карталары тәркіленді. С.С. Солтүстік Ломбок полиция басқармасында қамауда отыр. Оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі Индонезияның Заң және адам құқықтары министрлігі арқылы қаралып жатыр", - деп жазылған Индонезия полициясының мәліметінде.
Еске салайық, 24 ақпанда Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл нәтижесінде Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген ер адамды ұстағаны хабарланды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша күдікке ілінген.
Онымен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеу жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталған.
