“Қарапайым халыққа қолжетімсіз болып барады”. Блогер Көктөбедегі қызмет құнын сынға алды

Қаракөз Амантай 26 февр. 2026 14:22

Блогер Сая Манарбекқызы Алматыдағы Көктөбе демалыс аймағындағы қызмет құнының қымбаттағанын сынға алып, отбасылық демалыс көпшілікке қолжетімсіз болып бара жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, Көктөбеде көптеген қызмет ақылы әрі бағасы жоғары.

“Көктөбеге келіп, бағаларды көріп, жағамды ұстадым. Мұнда бәрі қымбат, бәрі ақылы. Тіпті дәретханаға кіру құны - 100 теңге”, - деді ол.

Сая Манарбекқызы әсіресе отбасымен келетіндер үшін шығын көлемі айтарлықтай артатынын алға тартты. Оның мәліметінше, жеке көлікпен жоғары көтерілу құны — шамамен 25 мың теңге. Тіпті көлікті төменде қалдырып, маршрутпен көтерілген жағдайда да бірнеше адамға бұл едәуір қымбатқа түседі.

“Мысалы, бес-алты адамнан тұратын отбасы үшін екі бағытқа жол ақысы шамамен 4 мың теңгеден асады. Бұл - қарапайым серуен үшін қымбат”, - деді блогер.

Сондай-ақ ол аспалы жол қызметінің бағасы да жоғары екенін атап өтті.

“Бір бағытқа билет шамамен 6 мың, ал екі бағытқа 10 мың теңге. Бұл біздің азаматтар үшін өте қымбат”, - деді ол.

Журналист бұған дейін де Шымбұлақтағы баға саясаты туралы мәселе көтергенін еске салып, Қазақстан азаматтары мен шетел азаматтары үшін екі түрлі тариф енгізуді ұсынды.

“Көп елде қолданылатын екі тариф жүйесін енгізу керек деп ойлаймын. Өз азаматтарымызға демалыс орындары қолжетімді болуы тиіс”, - деді Сая Манарбекқызы.

Оның пікірінше, бағаның қымбаттауы салдарынан кейбір отбасылар мұндай орындарға барудан бас тартып, үйде қалуға мәжбүр.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove