Басқарма мүшелері екі мәрте сыйақы алатыны рас па? ҚМГ желіде тараған сыбысқа қатысты үн қатты

Кәмшат Тілеухан 01 авг. 2025 09:58

Ұлттық компания әлеуметтік желіде тарап жатқан сыбысқа қатысты үн қатты. Дақпырт "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Директорлар кеңесі мен Басқарма мүшелеріне төленген сыйақы көлеміне қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновке Директорлар кеңесінің мүшесі және Басқарма мүшесі ретінде екі рет сыйақы төленгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Компанияның бірінші басшысына төлем Басқарма мүшесі ретінде атқарған қызметіне ғана жүргізіледі", делінген компанияның ресми жауабында.

Сондай-ақ сыйақылар туралы төмендегідей толыққанды мәлімет ұсынылады:

2024 жылы ҚМГ Басқармасының барлық мүшелеріне төленген сыйақының жиынтық мөлшері 497 815 040 теңгені құрады. Бұл сомаға бір жылдың жалақысы, салық, зейнетақы аударымдары, әлеуметтік төлемдер, демалыс төлемдері, сондай-ақ 2023 жылдың бонусы кіреді.

Сондай-ақ Хасеновтың ҚМГ басшысы лауазымына 2024 жылдың мамыр айында тағайындалғаны, тиісінше оған 2023 жыл үшін, сондай-ақ 2024 жыл үшін бонус төленбегені де нақтыланады. 2024 жылға арналған бонустардың нақты көлемі биыл қорытынды шығарылғаннан кейін ғана анықталатын болады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚазМұнайГаз мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қорға салық және басқа да міндетті төлемдер түрінде 1 трлн 995 млрд теңге аударған екен.

"Бүгінде ҚМГ еліміз бойынша мұнай өндірудің 27%, тасымалдаудың 57% және өңдеудің 80% қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ҚМГ — республикамыздағы ірі жұмыс берушілердің бірі", - дейді ұлттық компаниядағылар.

Айта кетсек, бүгіндері "Самұрық-Қазынаға" және бірқатар ұлттық компанияларға аудиторлық тексеріс жүргізіліп жатқаны белгілі.


Рекомендовать
Последние новости