2025 жылдың күзінен бастап Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық несие рәсімдеу ережелері күрделі өзгеріске ұшырайды. Жаңашылдықтар азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алаяқтықтан қорғау мақсатында енгізіліп отыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
- Несие алу үшін банкке жеке бару керек
Енді алғаш рет кепілсіз тұтынушылық несие алатын азаматтар міндетті түрде банк немесе микроқаржы ұйымының кеңсесіне келуі тиіс. Бұл талап адамның жеке басын тікелей, көзбе-көз тексеру үшін енгізілді.
- Онлайн несие рәсімдеуге жас шектеуі қойылды
Жасы 21-ге жетпеген және 55-тен асқан азаматтарға онлайн несие тек олардың арнайы келісімімен беріледі. Бұл келісімді азамат eGov.kz порталы, банк қосымшасы немесе өзге мемлекеттік электронды жүйелер арқылы растайды. Мұндай қадам арқылы несие өз еркімен алынып жатқаны дәлелденуі қажет.
- «Салқындату кезеңі»: асығыс несиеге жол берілмейді
Жаңа ережеге сәйкес, несие туралы келісімшартқа қол қойылғаннан кейін, қаражат бірден берілмейді. Клиентке белгілі уақыт аралығында ойлануға мүмкіндік беретін «салқындату кезеңі» енгізіледі. Осы мерзім аяқталған соң, клиент несиені алуға ниетті екенін қайта растаса ғана қаражат аударылады. Бұл ереже заң ресми жарияланған соң, 90 күннен кейін күшіне енеді.
- Алаяқтар рәсімдеген несие сотсыз кешірілуі мүмкін
Енді алаяқтар заңсыз рәсімдеген несиелерді белгілі шарттармен сотқа жүгінбей-ақ есептен шығаруға болады. Мұндай жағдай екі шарт орындалғанда мүмкін:
- Азаматтың жәбірленуші екендігі құқық қорғау органдары тарапынан ресми расталса;
Несие беруші ұйым клиентті биометриялық сәйкестендіруден өткізбесе немесе оның келісімін тиісті жолмен алмаған болса.
Ал алаяқтық әрекет күрделі болып, үшінші тұлға азаматтың жеке деректерін заңсыз қолданған жағдайда несие тек сот шешімімен ғана жойылады.
- Банктердің қосымша құқығы артады
Банк немесе микроқаржы ұйымдары клиенттің шотындағы қаржы операцияларын күдікті жағдайларда 5 жұмыс күніне дейін уақытша тоқтатуға құқылы болады. Сонымен бірге, клиенттің өзі немесе оның серіктесі Антифрод-орталықтың «қара тізіміне» енген жағдайда банк бұл азаматтармен қандай да бір операция жасаудан бас тарта алады.