Қазақстандағы демографиялық ахуал: солтүстікте адам жоқ, оңтүстікте орын жоқ

Dalanews 29 июл. 2025 15:44

Қазақстанда өңірлер арасындағы демографиялық алшақтық тереңдеп барады. 2025 жылдың алғашқы жартысында еліміздің 20 аймағының 10-ында халық саны кеміген. Онда да Қарағанды (1,9 мың адамға), Шығыс Қазақстан (4,2 мың), сондай-ақ экономикалық әлеуеті төменірек Қостанай (4,2 мың) мен Солтүстік Қазақстан (7,8 мың) облыстары секілді ірі өндірістік өңірлерде. Ал халық санының ең жоғары өсімі еліміздегі ірі үш мегаполисте, яғни Астанада (+102,2 мың), Алматыда (+61,4 мың) және Шымкентте (+37,4 мың) тіркелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бұл үрдістің негізгі екі себебі бар. Біріншісі – өңірлердің "қартаюы". Мұндайда егде жастағылардың үлесі артқан сайын, туу көрсеткішінен өлім-жітім көрсеткіші озып отырады. Екінші себебі – ішкі миграция, яғни халықтың өңірлерден орталыққа жаппай көшуі. 2025 жылдың бірінші тоқсанында, былтырғыдай, көші-қонның оң сальдосы тек ірі қалалар мен Алматы облысында байқалды. Қалған өңірлерден көшіп кеткендер саны келіп қоныстанғандардан айтарлықтай артық", деп жазады Finprom.kz.

Үкіметтің 22 шілде күнгі отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова осы мәселені ашық көтерді. Министрдің айтуынша, елдегі көші-қон процесінің негізгі проблемасы оңтүстік пен батыстағы халық санының күрт өсімі мен солтүстік өңірлердегі депопуляция, сондай-ақ мегаполистердегі халық санының шамадан тыс көбеюі болып табылады.

Экономикалық зерттеулер институтының болжамы бойынша, 2030 жылға дейін қазіргі демографиялық үрдістер жалғаса береді. Ең жоғары өсім Астанада (20,3%), Алматыда (13,7%) және Шымкентте (11,6%) болса, керісінше, Солтүстік Қазақстан (-6,1%), Абай (-3,4%), Қостанай (-3,5%) және Шығыс Қазақстан (-3,5%) облыстарында халық саны айтарлықтай азаюы мүмкін.

Халық санының теңсіздігі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ушықтырып отыр

Өңірлердегі демографиялық тепе-теңдіктің бұзылуы халықтың тұрмыс сапасына кері әсер етуде. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жан басына шаққандағы табыс деңгейі ең төмен аймақтарға оңтүстік облыстар жатады. 2025 жылдың І-тоқсанында Түркістан облысында бұл көрсеткіш бар болғаны 125,5 мың теңгені, Жамбыл облысында 148,7 мың теңгені құраған. Керісінше, табыс деңгейі жоғары өңірлерге Алматы (359,5 мың теңге), Астана (323,7 мың теңге) және мұнайлы Атырау облысы (323,3 мың теңге) жатады. Осы үш аймақта халықтың кедейлік деңгейі де ең төмен.

"Мамандар ішкі миграцияның қазіргі қарқыны қауіпті екенін, осылай жалғаса берсе мегаполистердегі әлеуметтік инфрақұрылым сын көтермейтінін жағдайға жететінін ашық мойындап отыр. Жуырда үкімет бекіткен "2025–2030 жылдарға арналған өңірлік даму тұжырымдамасында" аймақтардағы негізгі кемшіліктер айқын көрсетілген. Оның ішінде көптеген облыстардың бюджетке тәуелділігі, шағын қалалар экономикасының бір бағытта ғана дамуы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның нашарлығы да жатқызылады", - дейді сарапшылар.

Өңірлердегі өмір сапасы: кім алда, қайсысы қалыс кетті?

Тұжырымдамаға сәйкес, аймақтардағы инфрақұрылым теңсіздігі өңірлік стандарттар жүйесі (ӨСЖ) арқылы бағалануда. Бұл жүйе 2023 жылы қабылданған, мақсаты қай аймақтың әлеуметтік жағдайы ең төмен екенін нақты көрсету болып табылады.

Екі жыл бұрын әлеуметтік игіліктермен қамтылу деңгейі қалаларда 87%, ауылдарда небәрі 55,3% болған. Тұжырымдама болжамына сәйкес, 2025 жылдың соңында қалаларда бұл көрсеткіш 91,6%-ға, ауылдарда 66,6%-ға жетуі тиіс. Бірақ бұл көрсеткіштер барлық өңірде біркелкі емес. Мысалы, қалалар арасында ең төмен көрсеткіш Ақтөбе (83,3%), Солтүстік Қазақстан (88,5%) және Жамбыл (88,9%) облыстарында болса, ең жоғары көрсеткіш Павлодар (94,7%), Атырау (94,6%) және Жетісу (94%) облыстарында байқалады. Ал ауылдар арасында жағдайы ең қиын Абай (57%), Шығыс Қазақстан (60,5%) және Батыс Қазақстан (60,6%) облыстарында тіркелген. 

"Инфрақұрылымның негізгі проблемалары – коммуникация желілерінің тозуы, мектеп пен ауруханалардың жетіспеушілігі, жол сапасының төмендігі мен интернеттің нашарлығы. Үкіметтің есебінше, алдағы жылдары инфрақұрылымды жаңғырту үшін 19 триллион теңге қажет. Оның 11,2 трлн теңгесі аймақтардың негізгі қажеттіліктеріне, қалған 7,8 трлн теңгесі өңірлік теңсіздікті жоюға жұмсалмақ. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 2026 жылдан бастап бюджет қаражаты инфрақұрылымы артта қалған өңірлерге басым бөлінбек. Дегенмен, билік қолға алған осы шаралар аймақтардан жаппай көші-қонды тоқтата ала ма, әлде миллиардтап салынған мектептер мен балабақшалар бос қала ма, бұл уақыттың еншісіндегі дүние. Тұжырымдамадағы жалпы жоспарлардың нақтылығы төмен екені де жиі сынға алынып жүр. Мәселен, Маңғыстау мұнай өндірісі есебінен дамитыны түсінікті, ал экономикасы әртараптанбаған өңірлерге қатысты нақты инвестициялық жобалар белгісіз күйінде қалып отыр. Межелі мерзімде бұл жоспарлар іске аса ма, жоқ па, ол жағын бажайлаудан да қиналамыз", - дейді Finprom сарапшылары.


Рекомендовать
Последние новости