Атырауда әлеуметтік желіде көпшіліктің ашуын туғызған Жұлдыз Сағиден есімді блогердің ісі бойынша сот аяқталды. Ол бірнеше ер адамды ар-намысына тиетін дөрекі сөздермен қорлап, қоғам наразылығын тудырған еді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік желіге тарап кеткен бейнежазбада блогер түскі уақытта дәмханада шәй ішіп отырған ер адамдарды "әйелге ұқсайды" деп кемсітіп, олардың сыртқы түріне, іс-әрекетіне жиіркеніш білдірген.
"Мұнда сақалды еркектер отыр, әйел сияқты. Түрлері қандай жиіркенішті. Осылардың әйелдері қалай ғана шыдап жүр екен? Түскі мезгілде шәй ішіп отыр, бұлар қашан жұмыс істейді өзі?" – деген болатын Сағиден.
Желі қолданушылары блогердің бұл әрекетін адамдарды кемсіту, намысын таптау және жыныстық тұрғыдан алалау деп айыптады. Заңгерлер тіпті бұл жағдайды Қылмыстық кодекстің 131-бабымен ("Қорлау") қарауды ұсынған. Себебі бейнежазба көпшілікке тараған.
Дегенмен Атырау тұрғынының әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық деп бағаланып, ӘҚБтК-нің 434-бабы ("Ұсақ бұзақылық") бойынша қаралды. Сот Сағиденнің кінәсі дәлелденгенін, блогердің өзі де кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініп отырғанын атап өтті.
Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша әдетте 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл немесе бес күннен он бес күнге дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған.
"Кінәні мойындауы мен істеген ісіне өкінуін ескеріп, сот айыппұл көлемін 30%-ға азайтты. Нәтижесінде блогер 55 048 теңге төлеуі тиіс. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ", – деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, қоғам белсенділері блогерді жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін де жауапқа тартуды талап етіп отыр. Сағиден автокөлік тізгінінде видео түсірген кезде қауіпсіздік белдігін тақпай, бала өміріне қауіп төндірді деген пікірлер де бар. Әлеуметтік желі қолданушылары қазір оның меншігіндегі авто-мектепке бойкот жариялауда.
Атыраулықтардың көбі блогерге кесілген жаза қоғамда туындаған наразылық деңгейіне сай емес деп есептейді. Қарсы тараптың айтуынша, Сағиденнің әрекеті тұрмыстық дөрекілік емес, қоғамға қауіп төндіретін агрессияның бір көрінісі. Сондықтан олар сот шешімін қайта қарауды талап етуі мүмкін.