Мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған инватакси – оларды жұмыс, оқу, үйірме секілді маңызды бағыттарға жеткізетін мамандандырылған көлік. Бұл қызмет апта бойы сұранысқа қарай немесе жұмыс-оқу кестесіне сай ұсынылады,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Инватакси көлігі арнайы құрылғылармен жабдықталған: мүгедектер арбасын бекіту, кіріп-шығу құрылғылары қарастырылған. Арба пайдаланбайтындар үшін жеңіл автокөлік ұсынылады.
Қызметті пайдалану үшін сапарға бір күн қалғанда инватакси ұсынатын ұйымға қоңырау шалу қажет. Алғашқы рет қолданушылардан өтініш пен бірқатар медициналық құжаттар сұралады.
2025 жылдан бастап Астана мен Алматы қалаларында Яндекс Go қосымшасы арқылы инватакси шақыру мүмкіндігі пайда болды. Бұл жаңашылдық тапсырысты онлайн бақылауға, жүргізушіге ерекше қажеттіліктер жайлы алдын ала ескертуге жағдай жасайды.
13 жастағы Аружан Саятқызы инватакси арқылы қаланың ортасындағы сурет үйірмесіне қатысып жүр.
"Бұрын үйірмеге қатыса алмайтынмын, қазір арнайы көлікпен өзім барамын. Сурет салуды жақсы көремін, болашақта аниматор болғым келеді. Инватакси мені қоғаммен байланыстырып, арманыма жақындатты. Мұндай қолдау біз үшін өте маңызды", — дейді ол.