2025 жылы 40-тан астам аудиторлық іс-шара өткізу жоспарланған. Соның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана және Алматы қалалары, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстары, сондай-ақ "Самұрық-Қазына" қоры, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы, KEGOC кәсіпорны, Ұлттық банк, Төтенше жағдайлар министрлігі бюджеттерінің орындалу барысы тексеріледі, деп жазады Dalanews.kz.
Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы қабылдауында болған Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов айтты.
Әлихан Смайылов Президентке жоғары аудиторлық палатаның былтыр атқарған қызметінің қорытындылары мен осы жылға арналған жоспары жөнінде мәлімет беріп, былтыр 214 нысанда құны шамамен 11 триллион теңгені құрайтын 27 аудиторлық іс-шара өткізілгені туралы баяндады:
- соның нәтижесінде жалпы сомасы 862 миллиард теңге болатын түрлі нормалардың бұзылғаны анықталған;
- тексерістердің қорытындысы бойынша бюджетке 135 миллиард теңге қайтарылған. Бұл 2023 жылы өтелген қаржыдан бес есе артық.
Сондай-ақ бас аудитор құрылыс нысандарындағы баға қалыптастыру, өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру, ауыл шаруашылығын субсидиялау ісінде олқылықтар үнемі байқалатынын айтты. Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған заң бұзушылықты жою үшін Үкіметке ұсыным беріп, жауапты мемлекеттік органдарға нұсқама жолдаған.
Әлихан Смайылов биыл 40-тан астам аудиторлық іс-шара өткізу жоспарланғанын жеткізді, соның ішінде:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана және Алматы қалалары, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстары, сондай-ақ "Самұрық-Қазына" қоры, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы, KEGOC кәсіпорны, Ұлттық банк, Төтенше жағдайлар министрлігі бюджеттерінің орындалуы тексеріледі;
- ғылым, қорғаныс, құқықтық тәртіпті сақтау, спорт, әлеуметтік қамтамасыз ету, орман шаруашылығы салаларында аудиторлық тексерістер жүргізіледі.
Президент мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар бюджет қаржысының игерілуін тиімді бақылау үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің маңызына назар аударды.
Айта кетсек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 27 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында "Самұрық-Қазына" ұлттық қорын реформалау барысына көңілі толмайтынын жеткізген еді. Ал бірқатар сарапшылар ұлттық компанияларды асыра белгіленген бонус пен дивидент түрінде ақшаны оңды-солды шашады деп айыптайды.