Каспий құбыр желісіне жасалған шабуылға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Кәмшат Тілеухан 19 ақп. 2025 09:46 275

Ресей Федерациясының тергеу комитеті Каспий құбыр консорциумы - азаматтық нысанына жасалған шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы консорциумның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады Dalanews.kz.

"2025 жылдың 17 ақпанында Ресей Федерациясы тергеу комитетінің бас тергеу басқармасы РФ Қылмыстық кодексінің 205-бабының 2-бөлігінің "а", "в" тармақтарында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылдады. Іс Украина Қорғаныс министрлігінің және басқа да әскери құрылымдардың әскери қызметшілеріне қарсы қозғалды, олар Украинаның бақылауындағы аумақта орнаса отырып, қылмыстық бұйрықтарды орындауда азаматтық инфрақұрылым нысандарына ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана шабуыл жасады", делінген компания хабарламасында.

Айта кетсек, 2025 жылдың 17 ақпанында Краснодар өлкесінің Кавказ ауданында орналасқан Кропоткинская мұнай айдау стансасы дрондар шабуылына ұшырады. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, алайда мұнай тасымалдау нысаны бүлініп, қолданыстан шығып қалды.

"18 ақпанда оқиға орнында КҚК басшылық тобы және консорциумның Батыс өңірінің өкілдері болып, территорияны шолып шықты. Мамандардың алдына қысқа мерзімде мердігерлермен бірлесіп, станцияның барлық қосалқы объектілерінің жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеті қойылды", - деп атап өтті консорциумдағылар.

Сондай-ақ "Транснефть" ЖАҚ Каспий құбыр консорциумының (КҚК) "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына жасалған дрондар шабуылының салдарынан қанша шығын болатынын жариялады.

"КҚК мамандарының пікірінше, аталған соққының салдарынан болған ақауларды жоюға 1,5 айдан 2 айға дейін уақыт кетеді, бұл Қазақстанның мұнай айдау көлемінің шамамен 30%-ға төмендеуіне әкеліп соқтыруы мүмкін", - деп түсіндірді компаниядағылар.

Айта кетейік, КҚК Теңіз – Новороссийск бағыты бойынша мұнай тасымалдауды жалғастыруда. Жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау шарасы мұнайды айдау бойынша нақтыланған техникалық мүмкіндіктер бойынша жүзеге асырылады.

Каспий құбыры консорциумының Кубанның Кавказ ауданындағы "Кропоткинская" мұнай айдау стансасы РФ территориясында орналасқан ең ірі нысан болып табылады. КҚК құбыр желілері жүйесі - ТМД территориясындағы энергетикалық саладағы ірі жобалардың бірі. Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1 511 шақырымды құрайды. Бұл бағыт барлық экспортқа бағытталатын мұнайдың үштен екісінен астамын қамтиды.  Мұнай саласының маманы Олжас Байділдиновтың нақтылауынша, бұл құбырмен айдалатын 63 млн тонна мұнайдың 53,8 млн тоннасы – қазақтікі, нақтырақ айтқанда, Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнайы (бүкіл көлемнің  86%), сонымен қатар басқа да қазақстандық компаниялардың да шикізаты  бар. Сондықтан ол Қазақстан да бұл ретте ресми ұстанымын білдіріп, өз активін қорғау керектігін айтады. Ал алда да бұл құбырға шабуыл жасалып, ол бүлінетін болса, сарапшының айтуынша, ондай жағдайда Қазақстан мұнайының экспорты күрт қысқарып, өз кезегінде ол бюджет түсімдеріне, одан әрі теңге бағамына кері әсер етуі ықтимал.

КҚК акционерлері: Ресей Федерациясы -2 4%, "КҚК компаниясы" МК (ЖШҚ) – 7%,  "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ - 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC - 1,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company - 15%, Лукойл Интернешнл Гмбх – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holdings Limited-2%, Eni International N. A. N. V. S. ar. l. - 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%. 

Бұған дейін сайтымызда "Мұнай құбырына жасалған шабуыл: Маман Украинадағы елшіні алдыртып, мәселе қозғауды ұсынады" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар