Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек көрнекті ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Қамалұлы Қадыржановтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министр марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, әріптестері мен шәкірттеріне, сондай-ақ барша ғылыми қауымға қайғыра көңіл айтып, Қайрат Қадыржановтың Қазақстан ғылымы мен ядролық технологиялар саласына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
Саясат Нұрбектің айтуынша, Қайрат Қамалұлы ядролық физика және радиациялық материалтану саласының аса көрнекті өкілі, тәуелсіз Қазақстандағы ядролық ғылымның негізін қалаушылардың бірі болған. Ол саналы ғұмырын ғылымға арнап, отандық ғылыми мектептің қалыптасуына, ұлттық кадрлар даярлауға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға зор еңбек сіңірді.
Қайрат Қадыржанов жиырма жылға жуық уақыт бойы Ядролық физика институты мен Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына басшылық жасап, еліміздің ядролық ғылымын жаңа деңгейге көтеруге атсалысты. Оның жетекшілігімен жүзеге асқан жобалар бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағын оңалтуға, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және радиациялық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етті.
Министр сондай-ақ ғалымның Ядролық физика институтының Астанадағы филиалын құруға тікелей ұйытқы болғанын атап өтті. Оның бастамасымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ядролық физика институты және Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты арасында үшжақты ынтымақтастық орнап, «Ядролық физика» мамандығы бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылған.
Саясат Нұрбек жуырда Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Қайрат Қамалұлына Мемлекет басшысының атынан ғылым саласындағы жоғары мемлекеттік марапат – «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы табысталғанын да еске салды.
"Қайрат Қамалұлының жарқын бейнесі, ғылымға адалдығы, парасат-пайымы мен елге сіңірген өлшеусіз еңбегі әрдайым халық жадында сақталады. Оның өнегелі жолы кейінгі буын ғалымдарға үлгі болып, есімі Қазақстан ғылымының тарихында мәңгілік орын алады", – деп жазды министр.
Сөз соңында Саясат Нұрбек марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы саламат болуын тілеп, артында қалған ағайын-туысы мен жақындарына сабыр тіледі.