Freedom Inside '26

Неге БЖЗҚ шегі көтерілді? Министрлік жауап берді

Неге БЖЗҚ шегі көтерілді? Министрлік жауап берді
gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинақты мерзімінен бұрын алуға қойылатын шектің не себепті көтерілгенін түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, мемлекет жастардың зейнетақы жинағын ерте жұмсап қоюына алаңдайды.

«Біздің басты мақсатымыз не болды? Біз зейнетақы шоттарынан алынған қаражаттың көлемін көрдік – бұл 5,8 триллион теңге. Оның басым бөлігі, өте үлкен бөлігі – 35 жасқа дейінгі жастар. Ал бұл қаражаттың негізгі пайдаланылу бағыты – тұрғын үй қажеттілігі. Сондықтан біз жастардың аннуитет жасына дейін еңбек етіп, табыс тауып, зейнетақы жинағын қартайған шағында пайдаланғанын қалаймыз, дәл қазір емес», – деді Ербол Тұяқбаев Сенат кулуарында.

Вице-министрдің пікірінше, еңбекке қабілетті азаматтар баспана мәселесін қолданыстағы ипотекалық бағдарламалар арқылы шешіп, зейнетақы жинағын болашаққа сақтағаны дұрыс.

Оның айтуынша, мұндай тәсіл қазақстандықтардың қартайған кездегі қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.