Саясаткер Уалихан Қайсаров экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев ел ішіндегі саяси ықпалынан толық айырылды деп есептейді. Оның пікірінше, жаңа саяси құрылым президент бастамаларын қолдап, қазіргі биліктің бағытын ілгерілетуге қызмет етеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайсаровтың айтуынша, қазіргі жағдайда бұрынғы саяси жүйенің тірегі саналған партиялар әлсіреген. Ол ресми дерек бойынша «Аманат» партиясында жүздеген мың мүше бар екенін, алайда олардың арасынан ашық қарсы пікір айтқандар байқалмағанын атап өтті.
"Тоқаев өз күшін көрсету керек болды. Әйтпесе, айналдырған екі-ақ еді ғой қалғаны. Демек, жұмысын аяқтап кетуге мүмкіндік беруге болатын еді. Бірақ Назарбаев пен оның жақтастарына соққы жасау үшін осылай жасап отыр. Әдейі ескі "Нұр Отанға" өзінің орнын көрсетіп отыр. Яғни, сендердің қолдарыңнан түк те келмейді, сендердің "көкелерің" жоқ. Біздің айтқанға көнесіңдер деп. Сондықтан бұны әдейі халыққа көрсету, Назарбаев пен жақтастарына көрсету деп қабылдау керек", – деді Уалихан Қайсаров.
Саясаткердің пайымынша, бұған дейін билікке жақын болған бірқатар адамдардың алдағы уақытта саяси болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін. Оның айтуынша, жаңа саяси кезеңде ескі кадрларға деген сенім азайған.
Қайсаров бұрынғы партиялық жүйеге қатысы бар кейбір саясаткерлерге де қатысты болжам айтты. Оның сөзінше, Азат Перуашевтің төрағалықтан кетуі де осындай саяси өзгерістермен байланысты болуы ықтимал.
"Перуашев енді қашады Қазақстаннан. Өйткені соңынан түсуі мүмкін. Оған жемқорлыққа байланысты, Назарбаевтың жүйесімен тығыз байланысының болуына байланысты әрі көп ақпарат біледі. Ол үлкен кәсіпорындардың партиясын басқарды. Көп тетіктерді білуі мүмкін. Мәселен, қаржыландыру мәселесін. Сондықтан ол әлгі жағымсыз куәгер ретінде, меніңше, қашып кетуі мүмкін", – деді саясаткер.
Қайсаровтың пікірінше, жаңа құрамға бұрынғыдай тек дайын мәтінді оқып беретін адамдар емес, нақты ой айта алатын, кәсіби деңгейі жоғары тұлғалар келуі керек.
Ол соңғы жылдары парламентте депутаттардың көпшілігі өз ойын еркін жеткізбей, алдын ала дайындалған мәтінді оқумен шектелгенін сынады. Саясаткердің айтуынша, бұл тек бір партияға ғана емес, жалпы саяси жүйеге тән құбылыс болған.
"Соңғы 20 жылды алайықшы, қай депутат парламентте қағаздан оқымай ойын айтты. Ондай депутат жоқ. Толық қағазды оқиды. Ол әу баста басталған нәрсе ғой. Партияға қарамайды. Ақжол ма, ОСДП ма депутатқа келіп, қағазды қолына ұстатады. Сосын оқытады. Міне, осыны оқисың, дейді өзіңше болып. Ол өз ішінен шыққандай қылып оқиды", – деді Уалихан Қайсаров.