Мұнай саласының маман Олжас Байділдинов Қазақстан Каспий құбыры консорциумына жасалған шабуылға байланысты өзінің ұстанымын нақтылауы тиіс деп санайды. Оның ойынша, мұндай шабуылдар алда да жалғаса берсе,ол мұнай тасымалы көлеміне, сәйкесінше бюджет кірісіне, одан әрі теңге бағамына кері әсер етуі мүмкін көрінеді, деп жазады Dalanews.kz.
"Каспий құбыры консорциумына (КҚК) жасалған шабуылдан кейін ҚР СІМ, ҚР Энергетика министрлігі және ҚазМұнайГаз мәлімдеме жасап, өз ұстанымын білдіруі тиіс. Бірақ біз мұны көрмедік. Ал бұл кезде Ресейдегі белді басылымдар "қазақ мұнай құбыры желісіне шабуыл жасалды" деген тақырыпта шулатып, жазып жатты. Расында, осы құбырмен айдалатын 63 млн тоннаның 53,8 млн тоннасы – қазақтікі, нақтырақ айтқанда, Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнайы (бүкіл көлемнің 86%), сонымен қатар басқа да қазақстандық компаниялардың мұнайы да бар", деп жазады Байділдинов өзінің телеграмдағы арнасында.
Оның бұл реттегі пікірі RT басылымында (1 миллионнан астам жазылушы) да жарияланыпты. Ол арада Байділдинов бұл шабуылдың астарында әскери мағына жоқ екенін, себебі мұндағы мұнай майданға жөнелтіліп жатпағынын, Ресей Федерациясында да қайта өңделмейтінін, оны америкалық және еуропалық компаниялар Еуропадағы МӨЗ-ге жолдап жатқанын айтыпты.
"2022 жылдың наурыз айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, соғыс қимылдарын доғару үшін келіссөздер жүргізу қажеттігін атап өтті. Сөйтіп Украинаға гуманитарлық көмек көрсету жайын уағдаласты. Бұл ретте Қазақстан әрқашан бейтарап ұстаным білдіріп, бейбіт келіссөздерге шақырумен келеді. 2024 жылдың соңында Мемлекет басшысы кеңес өткізіп, премьер-министрге, президент әкімшілігінің басшысына, барлық күштік ведомстволардың басшыларына және әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты негізгі әскери және азаматтық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Жалпы, Қазақстан бейбіт келіссөздерге жәрдемдесуге дайын, санкциялық режимді де сақтап келеді, алайда бұл украин күштерінің КҚК-ның ірі мұнай айдау станциясына соққы беруіне кедергі болмады", - дейді ол.
Шетелдік алпауыт компаниялардың мұнайынан басқа, ҚМГ-ның да мұнайы жүреді ол құбырмен. Оның үстіне, КҚК - бұл ресейлік "Транснефть", біздің ҚазМұнайГаз, америкалық және еуропалық мұнай компаниялары акционерлері болып табылатын халықаралық консорциум. Осы уақыт ішінде КҚК, теңіз инфрақұрылымы, мұнай танкерлері барлығы әскери іс-қимылдар мен санкциялардан ада болып келді, бұл - консорциум мен Қазақстан басшылығының үлкен жеңісі: өңірде шиеленіс басталғаннан бергі үш жыл ішінде ешбір объектілерге шабуыл жасалмады, КҚК барлық санкциялық тізімдерден бойын аулақ ұстады, кез-келген қажетті материалдар мен жабдықтарды сатып алуға қабілетті болды, ал Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің 2022 жылғы 5 наурыздағы № 95 Жарлығына сәйкес, КҚК акционерлері мен кредиторлары үшін дивидендтер мен кредиттерді төлеуге рұқсат етілді (бұл аса маңызды халықаралық консорциум - КҚК үшін айрықша "артықшылық")
"Тағы да қайталап айта кетейін, үш жыл бойында КҚК барлық дау-дамайдан бойын аулақ ұстап келді, тек кеше ғана жағдай өзгерді. Бір журналистің сұрағын естіп қалдым: "Ресей неге біздің мұнай құбырымыз бен мұнайымызды қорғамайды" дегенді. Өзі секілді эмоционалды түрде жауап беріп: "Мүмкін осы сауалыңызды біздің мұнай құбырына шабуыл жасағандарға қойып көрерсіз" деп қарсы қарсы сұрақ қойдым", - дейді Байділдинов.
КҚК - бұл 1,5 мың шақырымды алып жатқан мұнай құбырлары және мұнай айдау станциялары мен қоймалары. Мұндай нысанды күзету үшін бүтін армия қажет болады…
"Шабуыл салдарын жоюға арналған тікелей шығындар КҚК акционерлерінің бірі ретінде ҚазМұнайГазға да артылады, ал шабуылдар ұзақмерзімді қамтитын болса, оның міндетті түрде ҚР мұнай экспорты көлеміне, соған сәйкес бюджет түсіміне, одан әрі теңге бағамына кері әсер етуі ықтимал. Бізге алыс әрі әсер етпейтіндей көрінген мұнай айдау стансасына жасалған шабуыл, шынтуайтында біздің шекара маңында, 300-350 шақырым қашықтықта болған. Ал РФ-дағы мұнай өңдеу өндірісінің қысқаруы ҚР-дағы отын тапшылығына әсер етуі мүмкін, өйткені жанар-жағармайдың көп бөлігін біз Ресейден аламыз (ЕАЭО аясында бажсыз). Сондықтан Қазақстан біздің мұнай құбырына жасалған шабуылға реакция беруі тиіс деп санаймын. Елшіні шақырып алсын, өзінің жекелеген санкцияларын енгізсін, ҰҚШҰ мандаты шеңберінде өз құқығын белгілей отырып, маңызды объектілерді күзету бойынша ҰЭТ контингентін дайындауға кіріссін дегендей. Қалай дегенмен Қазақстан өз активтерін өзі қорғауы тиіс, бұл инвестициялық ахуалды сақтау үшін де маңызды", деп сөзін түйіндейді маман.
Айта кетсек,2025 жылы 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының (КҚК) маңызды мұнай нысаны – "Кропоткинская" мұнай айдау станциясы дрондардың шабуылына ұшырады. Салдарынан аталған құбырмен жөнелтілетін мұнай көлемін қысқартуға тура келді. Ал кешкісін бұл оқиға нығайып жатқан ұлттық валютаның қайта аздап күшін жоғалтауына ықпал еткені белгілі болды.