Freedom Inside '26

Серік Жұманғарин Қазақстандағы БАҚ жұмысын сынға алды

Серік Жұманғарин Қазақстандағы БАҚ жұмысын сынға алды
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин журналистермен кездесуде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министр өз мәлімдемесін Қазақстанда жыл сайын 28 маусымда атап өтілетін Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында жасады.

Министр не деді?

Серік Жұманғариннің айтуынша, БАҚ оның айтқан сөздерін толық әрі бұрмаламай жеткізбейді. Сондықтан ол алдымен өз ұстанымын әлеуметтік желідегі Facebook парақшасында жариялап, содан кейін ғана журналистердің сұрақтарына жауап беруді жөн көретінін айтты.

«Маған жалақы төленетін жұмысты атқарып жүрмін. Сондықтан мен айтқан ақпараттың бұрмаланбай жеткеніне мүдделімін. Сол себепті өз ұстанымымды алдымен Facebook-те жариялаймын. Кейін пікірлерді жинап, сұрақтарға жауап беремін», – деді министр.

Сондай-ақ ол кейбір редакциялардың өз сөздерін жариялау тәсіліне көңілі толмайтынын жеткізді.

«Шынын айтсам, мен сіздердің мен жеткізген ақпаратты қалай жариялайтындарыңызға қанағаттанбаймын», – деді Жұманғарин.

Министрдің наразылығына не себеп болды?

Журналистер министрден БАҚ-тың «пиары» дегенде өзіне ыңғайлы сұрақтарға кейінірек, жазбаша жауап беруді меңзеп отырғанын сұрады.

Алайда Жұманғарин мұндай тұжырыммен келіспейтінін айтты.

«Мен олай деген жоқпын. Айтқаным – мен ақпаратты толық жеткіземін, ал сіздер соның ішінен өздеріңізге қызықты бөлігін ғана алып шығасыздар. Ақпаратты толық жеткізбейсіздер. Маған дәл осындай жұмыс ұнамайды», – деді ол.

Мәселенің мәні

Айта кетейік, министрдің журналистер жұмысына қатысты сыни пікірі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне санаулы күн қалғанда айтылды.

Серік Жұманғарин соңғы уақытта үкіметтегі ең көп талқыланатын тұлғалардың бірі саналады. Бұл көбіне салық реформасына байланысты.

Бұған дейін ол жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін шағын және орта бизнес жаппай жабылады деген пікірлерге жауап беріп, мұндай теріс сценарийге негіз жоқ екенін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар министрдің салық реформасының алғашқы нәтижелері туралы айтқан мәлімдемесін Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сынға алған еді.

Еске салсақ, 2024 жылы Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты журналистерге құрметсіздік танытқаны үшін сынға алған болатын. Кейін осыған ұқсас тағы бір жағдайға пікір білдірген вице-премьер әріптесінің әрекетінен агрессия байқамағанын айтқанымен, бұған дейін оған «бұлай істемеген дұрыс» екенін ескерткенін жеткізген.