[caption id="attachment_15178" align="alignright" width="238"] З. Сәніктің "Сүлеймен би" кітабы[/caption]
Екі-үш сағат дыбысжазғышқа түсіріп алған сәлиқалы әңгімеден бөлек, «Сүлеймен би» деп аталатын тарихи эсселерін Зекең: «Көп жылдардан бері ойға алған дүнием еді, енді, міне жарыққа да шықты», – деп қатты мұқабалы кітапты қолтаңбасымен сол жолы сыйлаған. Ол кітапты бірден оқуға аңсарымыз ауды. Себебі, сұхбат барысында марқұм Зекең Сүлеймен бидің кім болғанын, қандай тарихи кезеңде сөз ұстап, ел билегенін қысқа болса да қызықты етіп айтқан-тұғын. «Сүлеймен би Әділбекұлы (1841-1905) – Қабанбай батырдың төртінші ұрпағы. Ол – өз заманында әділ билігі, шешендігімен қазақ даласына даңқы шыққан әйгілі тұлғалардың бірі. Сүлеймен бидің әкесі Әділбек батыр – Отыншы бидің бас сардары болған. Отыншы мен Арғынның Алшынбай биі бөле екен. Қытай асып, Манасқа барып, кейін қайтадан атажұртына оралған. Елге ақылшы, пана болған Сүлеймен биден жұрт: «Ата қонысқа қалай жеттіңдер?» – деп сұрағанда, би: «Шөк деп барып, өк деп келдік (түйелі көштен айырылып, өгізбен көштік). Айдап барып, арқандап келдік (баяғы айдап барған мыңғырған малдан айырылып, жалғыз, жадау атты арқандап қайттық). Керегеге қош айттық, бес уықты шошайттық (ақ орда адырам қалды, қоспен келдік)», – деген екен. Әй, шіркін! Ондай даналар мың жылда бір туады ғой», – деп Зекең марқұм Сүлеймен би туралы аз сөзбен тарихи тұлғаның кесек кескінін сипаттаған-тұғын...
Кітап қолға түскен соң баптап оқығанға не жетсін, оқыдық. Қазақы әңгіме айтудың кітаби нұсқасын жоғалтып алғалы қашан. Зекеңнің «Сүлеймен би» атты тарихи эсселерін парақтап отырып, сол жоқтың кетігін толтырар құнды дүние жарыққа шыққанына қуанған едік. Шежірені ұрпақ санасына құр сөз, құрғақ мақтанмен сіңіру қиын екенін қазақ баяғыда-ақ білген. Сол үшін белгілі бір ру, ата туралы көркемдеп, детальмен арыдан әңгіме бастайды-ау келіп. Қазаққа тән көркемдік үлгінің мұндай түрін «Сүлеймен биден» мыңдап ұшыратасыз.
Кітап қолға түскен соң баптап оқығанға не жетсін, оқыдық. Қазақы әңгіме айтудың кітаби нұсқасын жоғалтып алғалы қашан. Зекеңнің «Сүлеймен би» атты тарихи эсселерін парақтап отырып, сол жоқтың кетігін толтырар құнды дүние жарыққа шыққанына қуанған едік. Шежірені ұрпақ санасына құр сөз, құрғақ мақтанмен сіңіру қиын екенін қазақ баяғыда-ақ білген. Сол үшін белгілі бір ру, ата туралы көркемдеп, детальмен арыдан әңгіме бастайды-ау келіп. Қазаққа тән көркемдік үлгінің мұндай түрін «Сүлеймен биден» мыңдап ұшыратасыз. Мәселен, жиенге берілетін қырық серкеш туралы бұл кітапта бүй деп айтылады: «Найман атаң 90 жасқа таяған шағында бір шыр еткен көріп, артымда қалған белгім болсын деп, атын Белгібай қояды. Әлпеш ана 36 жасқа келгенде он сегіз жасар қайнысы Белгібайға некеленеді. Ақ некеден Сүйінші туады. Сүйіншіден Төлегетай, одан Қытай, Қытайдан Қаракерей, Дөртуіл, Садыр, Матай тарайды. Ұрпақ қамын ойлаған аяулы Әлпеш ана жасы ұлғайып қалғанын ойлап, өз сіңлілерінің біреуін Белгібайға кішілікке қосады. Одан Сүгірші мен Өтеген туады. Сүгірші мен Өтегеннен Саржомарт, Балталы, Бағаналы, Көкжарлы, Бұра аталары тарайды екен.
Сүйінші өте бай болған адам екен. Сол байлықтың белгісі болар «Сүйіншінің малы көп пе, даланың аңы көп пе?» деседі екен жұрт. Шалқыған сол дәулеттің күшімен Төлегетай жасында көп оқыған, оны кейін датқалық тұғырға көтерген де сол білімінің күші болса керек. Найман әулетінде ұлдан гөрі, қыз молырақ болған тәрізді. Сондықтан қыздан туған жиендер көбірек келгіштей береді екен. Бірде Сүйінші бабаң Төлегетайдан: «Балам, далада ешкі қайырған дауыс не?..» – деп сұрапты. Төлегетай: «Серкелердің санына жете алмай жүрген жиендер ғой», – деп жауап беріпті. Сонда Сүйінші бабамыз ойланып отырып: «Е-е-е... солай де. Тілеу – анадан, тіреу – атадан деуші еді. «Ата күшімен ер өседі, ана тілегімен ел өседі» деген осы ғой. Саған тілегі дарып, ананың күші асқар бел болсын. Жиен назары ана тілегінен қағыс қалмасын, «қырықтың бірі – Қызыр» дейді. Сол шіркіндердің әрбіріне қырықтан серке бөліп беріп, алдына салыңдаршы! Сонда олардың өзі кеткенімен көңілі қораңнан шықпайтын болады» депті. Серке беру кейін серкешке айналып кеткенімен жиенге қырық серкеш беру салты Сүйінші, Төлегетай аталарымыздан қалған екен деседі...». Міне, осындай қызықты әңгіме-деректер шежіренің алтын тізбегін ширатып, кейінгі ұрпақтың жадында қалар асыл мүлікке айналмағанда қайтеді?..
Сол аруақты әулеттен шығып, сөз ұстаған Сүлеймен би 35 жыл бойы еліне билік жүргізген. Әуелі болыс, сосын би, онан кейін Төбе би тұғырына көтеріліп, Мәмбет-Байжігіт еліне ғана емес, тұтас Орта жүзге, қазақ билерінің съезі сотына билік айту дәрежесіне дейін көтерілгенін марқұм Зейнолла Сәнік сұхбатында айтқан еді. Кітапта бұл туралы егжей-текжейлі жазылған. Ақын Сараның:
«Кім жетер Қабанбайға дуа қонған,
Батырлық тұқымына қуа қонған.
Қожақұл, Әлі, Жақас, Ер Әділбек –
Сүлеймен оның ұлы шықты соңынан.
Бұтабай, Қоңыз батыр, Құт Шаянбай,
Сасан би, шапты Кенже жауға аянбай.
Шынымен құлаш ұрып самғай берсем,
Қаларсың жетпек түгіл жер таянбай...», – деп Біржанмен айтысқанда төгіп-төгіп жіберетін шумақтардағы кесек-кесек кескіндер ішінен Зекең марқұм Сүлеймен биді індете зерттеуі тегіннен тегін емес. Зекең марқұмның: «Қытай би 37 жасқа келгенде өз бүркіті өзіне түсіп, қайтыс болады. Бұл кісінің әйелі Анар – Кіші жүз қызы. Сол қызды ұзатқанда төркіні Оралдың Орауызы деген құсты қызының жасауына қосып береді. Ол құстың бабын Анар апамыз жақсы біледі. Бір күні Арғын Алтай батыр Қытай биге келіп: «Ұлытауға барып, салбурын құрып қайтайық», – десе, Анар апамыз: «Мына құс бүгін басқаша, көзінен байқап тұрмын. Басқа күні шықсаңдар қайтеді», – дейді. Құстың желігі, серінің серілігі оңай дейсің бе, жігіттер кең сахараны бетке алады. Қоңыр аңы қойдай өрген сахара төсінде қыранның томағасы алынған замат, зәу көкке сіңіп, ғайып болады. Бәрі аңтарылып аспанға қарап тұрғанда кенет Оралдың Орауызы құйғытып келіп, Қытай биге түседі. Би өледі. Үлкен ас осы кісіге беріледі... Қазақта аңызға айналған астар көп. Мәселен, Абылайдың асы, Өскенбайдың асы, Сағынайдың асы деген секілді. Ас берілетін уақыт жыл бұрын хабарландырылып, әр елдің адамдары күні бұрын дайындық жасап, жарысқа қосатын саңлақтарын үкілеп, балуандарын, мергендерін, әнші-күйші, ақындарын сұрыптайды. Марқұм Аманжан Жақыпұлының асты «Қазақ даласының олимпиадасы» деуі өте орынды айтылған сөз. Абылай ханның асынан кейін Үш жүзге сауын айтқан атақты ас – Сүлейменнің асы. Аста үш жүз ат аламанға түсіп, қырық атқа бәйге берілген. Бұл дүбірлі шараға орыстың оязы, қытайдың дутыңы да қатысады. Осы аста 12-13 жасқа келген, қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров атқа шабады. Ілияс қаламынан туған «Құлагер» поэмасының өте сәтті шығуына осы астың ықпалы болғанын жоққа шығаруға болмайды. Қазақта осыдан кейін (1908 жылдары болған) мұндай ас болған жоқ. Соңғы ас деп отырғаным – сол. Осының бәрі қағаз бетіне түссе екен деген ниетпен «Сүлеймен би» атты кітапты қолға алдым», – деп айтқаны дыбысжазғышта әлі сақтаулы тұр.
Сүлеймен би өмірден озған кезде Әсет Найманбайұлы:
«Анық айтқан шын сөздің,
Жоқ дейді ғой обалы.
Алаштан асқан арсылан
Әр орында озады.
Қазақта ешкім жоқ еді
Әмірінен озары.
Байжігіттің баласы,
Ақылының бодамы.
Енді бізге жоқ болды,
Ізінің басқан тозаңы...», – деп жоқтаған екен (бірер тармағын ғана алып отырмыз). Әрине, жақсының басқан әр ізіне зар болатынымыз ақиқат.
Зәкең марқұмдар көненің көзі мен сөзін жинап, өмірінің мәнін содан тапты. Біз сол кісілерден қалған дүниелерді ақтарып, аз да болса кітаптың «Сүлеймен би» туралы бөлімінің кейбір жерлеріне тоқталдық. Алдағы уақытта да бұл кітаптағы тұшымды дүниелер туралы жазылып жатар.
Ырысбек ДӘБЕЙ
yrysbek-dabey@mail.ru